Қазығұрт: ардақты азаматымыз 60 жаста

Бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиеттер тоғысқан, сонысымен де елінің абыройлы азаматы болып, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген ардақты әріптесіміз Қазығұрт аудандық мәслихат төрағасы Тайбек Қалымбетов бұл күнде 60 жастың асқарына шығып отыр. Өмірдің осындай биігіне терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық парасаттың арқасында келіп отырған әріптесіміздің еңбек жолы тек отбасы үшін ғана емес, ағайын-туыс, дос-жаран үшін де, барша әріптестері үшін де нағыз үлгі болар өмір мектебі десек артық айтқандық болмас.

Тайбек Әділбекұлы еңбек баспалдағын 1980 жылы шаруашылық бірлестігінде қарапайым жұмысшы болып бастап, одан кейінгі жылдары жоғары білім алып, Оңтүстік Қазақстан облыстық бас сәулет жобалау басқармасының Қазығұрт ауданындағы сәулетшілер тобының басшысы қызметіне дейін өрледі. 2003-2023 жылдар аралығында Қазығұрт аудандық сәулет және аумақтарда құрылыс салу бөлімінің бас маманы, «Қазығұрт – Проект» ЖШС директоры, облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің Қазығұрт ауданы бойынша сәулетшісі, Қазығұрт аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары болып елге адал еңбек етті. Осы уақыт аралығында ауданымыздың құрылыс, газдандыру, жол салу, ауыз су салалары бойынша ауқымды істер атқарды. Ардақты азаматымыз үстіміздегі жылдың көктемінен Қазығұрт аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келеді.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов және аудан әкімдігінің қызметкерлері Тайбек Қалымбетовтың еңбегін елеп, сый көрсетіп, облыстық мәслихаттың және бірнеше басқарманың адресаттары мен құттықтауларын, Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының «Еңбек озаты» медалін және аудан әкімінің адресатын арнайы табыстады.

ПІКІР ЖАЗУ