Төлеби: Республика күніне орай жүгіруден марафон өтті

Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында Төлеби Әлібекұлының 360 жылдығына және 25 қазан Республика күніне орай, “Спорт – денсаулық кепілі” ұранымен 18 жастан асқан аудан тұрғындары арасында жүгіру марофоны өтті. Марафонға қатысушылар 3 км жерді жүгіріп өтіп, өздерінің мықтылық, төзімділік, ептіліктерін көрсете білді. Аудан тұрғындары арасында спортты насихаттай отырып, салауатты өмір салтына баулу мақсатындағы жүгіру марафонының жеңімпаздарын аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев құттықтап, спортты жарына серік еткен жандарға медаль, кубок табыс етті.

– Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған аудандағы бұқаралық спортты дамыту бағытындағы марафонға қатысушыларға алғысымды білдіремін. Аудан аумағында жеңіл атлетиканы дамыту мақсатында қолға алынған марафон қазір қоғамдық сипат алып, жыл өткен сайын қатысушылар саны артуда. Салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Сондықтан, баршыңызға қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру арқылы организмнің жұмысқа қабілеттігін жоғарылатуды ұсынамын, деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.

300 ге жуық ерлер мен әйелдер арасында барлық жас санаттары бойынша үздік үштікке ие болған жеңімпаздар медаль, мақтау қағаздары және естелік сыйлықтармен марапатталды.

ПІКІР ЖАЗУ