Түлкібас: Жаскешу ауылының 4 көшесі жарықтандырылады

Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың Жаскешу ауылдық округі тұрғындарының алдындағы өткен есептік кездесуінде көтерілген мәселенің бірі ішкі көшелерін жарықтандыру болатын.

Аталған мәселе биылдан қалмай өз шешімін табады. Яғни, бүгінгі таңда округ орталығындағы Тәжібаев көшесіне жарықшамдар орнатылып, пайдалануға берілсе, Абай, Амангелді және Гагарин көшелерін жарықтандыру жұмыстары жыл соңына дейін атқарылмақ. Қазіргі таңда Заң талаптарына сай мердігерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ биылғы жылы Рысқұл ауылындағы Болашақ көшесін жөндеу жұмыстарына қаржы қаралған. Мердігер анықталғаннан соң асфальт жабындысын төсеу жұмыстары ауа-райының қолайлығына қарай жүргізілетін болады.

Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары қатысты.

Басым бөлігі сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде тұрғындар медицина, білім, жол, жер қатынастары, абаттандыру саласы мен газ тартылмаған жаңа құрылыс көшелеріне газ тарту мәселелерімен жүгініп, аудан әкімі және тиісті мекеме басшылары тарапынан нақты жауаптарын алды.

Сонымен қатар, аудан басшысы соңғы есептік кездесуде көтерілген Сейфуллин мектебінің спорт залы толық жөндеуден өткенін жеткізіп, қаржыны және уақытты талап ететін мәселелер алдағы уақытқа жоспарда тұрғанын атап өтті.

Бір қатар мәселенің түйінін шешу мақсатында жиын үстінде Нұржан Жақсылықұлы ауыл әкімі мен салаға жауапты мекеме басшысына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуын өз бақылауында ұстайтындығын ескертті.

ПІКІР ЖАЗУ