Аудан әкімі Тастұмсық ауылдық округінің тұрғындары алдында ағымдағы жылдың 8 айын қорытындылады

Есептік жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысып, тастұмсықтардың көкейлерінде жүрген өтініш-ұсыныстарына құлақ асты.

Еркін, сұрақ-жауап форматында өткен кездесу барысында ауыз су, жер кезегінде тұрған азаматтардың өтінішін қанағаттандыру, жер құжаттарын рәсімдеу, спорт кешенінің жұмысын үйлестіру, трансформаторларды ауыстыру, газ құбырының тұғырларын реттеу, әлеуметтік және медицина саласына қатысты мәселелер көтеріліп, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов және тиісті мекеме басшылары тарапынан жауап беріліп, назарға алынды.

Бүгінде округ орталығынан 24 гектар жерге инфрақұрылым тарту бойынша жерді мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған жер учаскесінің 2 гектары тиісті құжаттарды рәсімдеуге қолбайлау болып тұр.

Нұржан Жақсылықұлы аталған мәселені тездету мақсатында ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, жер иелерімен келіссөз жүргізу керектігін ескертті.

Жауапты бөлім басшысына электр жарығына және су мұнарасын қоршау бойынша тиісті мамандармен зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарына сай шешу мақсатында мерзім белгіледі.

Кездесуден соң аудан басшысы мәслихат төрағасымен бірге жеке мәселелерімен жүгінген тұрғындарды қабылдап, өтініштерін қарады.

Айта кетейік, өткен тоқсанда тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселенің бірі Тастұмсық ауылы Көктөбе көшесі және Қарабастау ауылы М.Әуезов көшесіне жарықтандыру жұмыстары толық жүргізіліп, пайдалануға берілді.

ПІКІР ЖАЗУ