Сарыағаш: аудан прокуратурасы кәсіпкерлермен бірлесе жиын өткізді

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан прокуратурасы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Сарыағаш аудандық филиалы бірлесіп фармацевтикалық қызмет саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Кездесуге аудан прокуроры Ж.Ахметбек, полиция бөлімінің басшысы Е.Бейсебаев, аудан әкімінің орынбасары А.Қозыбаев, облыстық фармацевтикалық және медициналық ұйымдардың қауымдастығының директоры Х.Альжанова, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Б.Байгазиев қатысты.

Кездесу барысында аудан прокуроры Ж.Ахметбек бизнесті негізсіз тексерулер мен қудалаудан қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыты болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ , аудан прокуратурасының бизнесті қорғау жөніндегі мобильді тобы жұмысын 24/7 тәулік бойы істейтіндігін және кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған жағдайда, дереу аудан прокуратурасының сенім телефонына хабарласуға болатынын жеткізді.

Сонымен қатар, аудан тұрғындарын алаңдатып отырған маңызды мәселелердің бірі – трамадол психотроптық дәрілік заттарының заңсыз таратылуы екенін баяндады.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың наурыз айынан бері медициналық мақсатта пайдаланылатын: этизолам, трамадол және кетамин дәрілік заттары «Есірткі және психотроптық заттардың» тізіміне енгізіліп, бақылаудағы психотроптық заттардың қатарына жатқызылған. Сондықтан, мұндай заттарды заңсыз иемдену, сақтау, сату, тасымалдау ҚР Қылмыстық кодексінің 296, 297-баптарымен қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндірді.Осы орайда, кәсіпкерлерді психотроптық заттардың заңсыз айнылымына жол бермеуге шақырды.

Фармацевтикалық және медициналық ұйымдардың қауымдастығы директоры Х.Альжанова фармацевтика саласындағы заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндіріп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.

ПІКІР ЖАЗУ