Шымкентте 10 жасар бала жоғалып кетті

10 жасар бала күндіз аулада серуендеу үшін үйінен шығып қайта оралмаған. Бірнеше сағаттан кейін анасы дабыл қағып, ұлын достары мен көршілерінен сұрастыра бастаған. Өз бетінше жүргізген іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, әйел түнде полициядан көмек сұрады.

Жоғалған жеткіншектің жүрген жерін анықтауға Тұран АПБ-ның барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары мекен-жайға жақын орналасқан жасөспірімдердің жиі болатын жерлерін, саябақтарды, ойын алаңдарын, сауда нүктелерін тексеріп, сыртқы бейнекамералардың жазбаларын қарады. Іздеу жұмыстары жарты күнге созылды.

Нәтижесінде, баланың тұрғылықты жерінен 10 км қашықтықта қаланың шетіндегі әжесінің үйіне жаяу жеткені анықталды. Жасөспірім анасына аман-есен қайтарылды. Ол өз әрекетін әжесін қатты сағынуымен түсіндірді. Өз кезегінде баланың анасы полиция қызметкерлеріне адал қызметі үшін шынайы алғысын білдірді.

ПІКІР ЖАЗУ