Ә.Қастеев жатақханасының жөндеу жұмыстары
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеуден өтіп жатқан Ә.Қастеев атындағы колледж жатақханасының құрылыс барысын қадағалау мақсатында нысанды аралады. Студенттердің жазғы демалыс сәтінде қолға алынған күрделі жөндеу қарқынды жүргізілуде, бүгінде 65 пайыз жұмыстар орындалған. Яғни, мұнда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айынан бастап жүргізілді. Жоспар бойынша биылғы жылдың қараша айында бітуі тиіс.
Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Бастысы колледж студенттеріне жайлы жағдай жасау үшін құрылыс жұмыстары сапалы, әрі жауапкершілікпен орындалу керек.
Айта кетейік, қаламыздағы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизаин колледжінің іргесі қаланғанына биыл 50 жыл толды. Төл тарихымен бірге рухани құндылықтар қатарын толықтырып келе жатқан өзіндік орны бар оқу орны елімізге елеулі тұлғаларды білім нәрімен сусындатып шығарды. Сондай-ақ, байырғы колледждің бес қабаттан тұратын жатақханасы 1974 жылы салынған, 420 орындық ғимаратта қазір 539 оқушы қоныстанған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі