Мақтааралда 520 орындық спорт кешені ашылды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 520 орындық спорт кешені ашылды. “Жетіген” атауымен аталған жаңа нысанның ашылуына меценат-кәсіпкер, “Ауыл” партиясының аудандық партия жетекшісі Абзал Бексұлтан демеушілік көрсеткен.

Нысанның ашылу шарасына ҚР Парламенті сенатының депутаты, “Ауыл” партиясының төрағасы Әли Бектаев, аудан әкімі Бақыт Асанов және облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, жергілікті тұрғындар қатысты.  

Әли Әбдікәрімұлы аталған іс-шара партияның “Жаңа Қазақстанға жаңа ауыл” жобасының аясында қарастылырып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, аудан тұрғындарын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады. 

“Жобамыздың негізгі мақсаттарының бірі – ауыл жастарының бос уақыттарын дене шынықтыруға арнап, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ кәсіпкерлер мен меценаттарды осы іспеттес қоғамдық бастамаларға және ауылдағы әлеуметтік, спорттық инфрақұрылымдарды дамытуды қолдауға үгіттеу” – деді сенатор, партия төрағасы.

“Жетіген” спорт кешенінде жасөспірімдер мен жастар бокс, дзюдо, қазақша күрес және еркін күреспен шұғылдана алады. Аталған спорт түрлерімен жаттығу үшін нысан толық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Айта кетейік, сенат депутаты, партия төрағасы Әли Бектаев жұмыс сапары барысында Жаңажол ауылдық округі, Нұрлыжол ауылының тұрғындарымен кездесіп, сол ауылдың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының және инженерлік инфрақұрылымының ағымдағы жағдайымен танысты.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ