Елім дейтін ерлер бар

«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей Рамжан Қарақұлов аудандық мәслихатының депутаты ретінде туған өлкеміздің гүлденуіне атсалысып, ауылдардағы түйткілді мәселелердің оң шешім табуына тікелей ықпал етіп жүрген азамат. Мұқтаж отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-зарына құлақ асып, дер кезінде көмекке келеді. Барлық кезде өзінің сайлаушыларымен бірге болып, жабырқаған жандарға қол ұшын созып, алғысқа бөленді. Осы уақытқа дейін аудандағы бірқатар қайырымдылық шараларға қатысып, демеушілік танытқан халық қалаулысы білім нысандары мен мешітке, ауыл көшелерін абаттандыруға атсалысты.

Еліміздің ертеңі болып табылатын жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында аяңбай еңбек етіп келе жатқан аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылындағы үш тілде білім беретін «Дарын» мектеп интернатына ұдайы көмек беріп келе жатқан Р.Қарақұлов бұл жолы көпке үлгі өнегелі іс бастап, ұстаздар мен оқушылардың алғысына бөленді. Өзі бас болып, жаңаша қадам басқан білім ордасының алдындағы алаңды толық тазалап, тегістеп, ұстаздар мен оқушылардың алаңсыз жүруі үшін асфальт төсеп, мектеп ажарын аша түсті. Кезінде салынған алаң соңғы уақытта күзгі және қыс мезгілінде шұңқырға айналып, оқушылардың жүруіне қиынға айналған еді. Енді міне, халық қалаулысының бастамасымен мектеп алды толық асфальттанып, жаңа кейіпке енді. Бұл алаңда алдағы уақытта мектептің түрлі іс-шаралары мен жиындар өткізілмек. Осындай қайырымды іске бел буып, қолдау білдіріп, елдің құрметін бөленген Р.Қарақұловқа мектеп ұжымы ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша ауданымызда өткізілетін республикалық «Мектепке жол» акциясы биыл да өз жалғасын тапты.Акцияның мақсаты әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және көп балалы, жетім, жартылай жетім отбасынан шыққан мектеп оқушыларына жомарт жандардың қол ұшын созып, мектепке баруына жағдай жасау. «Мектепке жол-шекарасыз жақсылық» тақырыбында өткен акциясында аудандық мәслихаттың депутаты Р.Қарақұлов Сарытөр ауылындағы М.Мәметова атындағы ШЖНО мектебінен көп балалы отбасынан шыққан 6 оқушыға мектеп формасын және оқу-құрал жабдықтарын алып берді. Сонымен қатар, Абай атындағы мектеп-лицейінде өткен «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясында да халық қалаулысы 3 оқушыға мектеп формасын сыйға тартып, балаларды қуанышқа бөледі. Қамқорлық аясы кең, алдағы уақытта да жалғаса береді.

Халқымыздың «Алтын алма – алғыс ал» дегендей туған жерін ұмытпай, үнемі қамқорлығына алып жүретін азаматтарды да ел білуге тиіс. «Халқыма титтей де бір жақсылық жасасам, ол атымды шығарсам деген мақсаттан туындап отырған жоқ. Қолымнан келсе, елге шапағатымды тигізгім келеді. Ауылыма иненің жасуындай жақсылық етсем, ол анам мен әкемнің алдындағы перзенттік парызым. Мұқтаждарға болысып, елге қызмет ету – мен үшін абыройлы міндет. Абай атамыздың: «Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?» деген аталы сөзі бар. Ата-анамыз өмір бойы туған жерде еңбек етіп, тер төкті. Біздің де мақсатымыз – елдің береке-бірлігін, ынтымағын сақтай отырып, үлкен-кішіге құрмет көрсету» дейді.

Иә, қандай жағдай болса да, замана қалай құбылса да, адамдық қасиетінен айнымайтын, ел-жұртын ұмытпай, оған қамқорлық жасап жүрген жандар көп. Соның бірі –Р.Қарақұлов . Хакім Абайдың: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген өлең жолы еске түскендей, ел үшін, ұрпақ үшін еңбек етіп жүрген осындай азаматтарымыз ойға оралары анық. Халық қалаулысының атқарар ісі алда.

ПІКІР ЖАЗУ