Жұмысшы мамандықтар жылы: Астана қаласындағы тәжірибе мен жетістіктер

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті кәсіби кадрларды даярлау мен олардың мәртебесін арттыруға бағытталған мемлекеттік маңызы зор іс-шара болып табылады. Жұмысшы мамандықтар – ел экономикасының негізі, өндіріс пен қызмет көрсетудің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор.
Астана қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек нарығының талаптарына сай кәсіби кадрларды дайындау, олардың біліктілігін арттыру және жұмысшылардың әлеуметтік мәртебесін көтеру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта білім беру мекемелері мен өндіріс орындарының арасындағы ынтымақтастық күшейтіліп, арнайы оқыту бағдарламалары енгізілуде.
Бүгінгі кейіпкер маманымыз «Астана-АЭК» АҚ Байқоңыр АЭЖ аға шебері Ыбаш Дархан Батырханұлы — электр энергетикасы саласында жоғары білімді, тәжірибелі маман. Оның еңбек жолы 2014 жылы 3-дәрежелі электромонтер лауазымынан басталып, қазіргі таңда аға шебер ретінде жауапты қызметте жұмыс істейді. Дарханның кәсіби шеберлігі мен жетекшілік қабілеті компанияның сенімді қызмет көрсету сапасын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
«Астана-АЭК» АҚ елорданың электр энергиясын тұтынушыларға үздіксіз жеткізу, сондай-ақ 10/0,4 кВ әуе желілері мен трансформаторлық тарату пункттерін сапалы пайдалану қызметін жүзеге асырады. Компанияның қызметкерлері, соның ішінде Дархан Батырханұлының басшылығымен жұмысшылар, ауа райы мен тәулік уақытындағы қиындықтарға қарамастан, үздіксіз әрі қауіпсіз электр энергиясын қамтамасыз ету міндетін атқарады.
«Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғанына қуаныштымын. Бұл бастама жұмысшылар еңбегінің маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, жастарды техникалық мамандықтарға тартуға ықпал етеді. Біздің компания кәсіби дамуға ерекше мән береді және қызметкерлердің өсуіне барлық жағдай жасайды. Бұл біздің еліміздің тұрақты дамуы үшін аса маңызды», — дейді Дархан Батырханұлы.
Қазіргі уақытта, Астанада техникалық және жұмысшы мамандықтарға оқытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, қалада бірнеше кәсіби техникалық мектептер мен орталықтар жаңғыртылып, білім беру бағдарламалары заман талабына сай жаңартылуда. Сонымен қатар, мемлекеттік деңгейде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытуға бағытталған «Жұмыспен қамту жол картасы», «Дипломмен — ауылға» және басқа да бағдарламалар белсенді жүзеге асырылуда.
«Астана-АЭК» АҚ да осы үрдіске белсене қатысып, қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және оларды заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге тұрақты түрде инвестиция салуда. Компания ұжымы бірігіп, елорданың энергия жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жалпы алғанда, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Астана қаласында атқарылып жатқан жұмыстар мен Ыбаш Дархан Батырханұлы сияқты кәсіби мамандардың еңбегі еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыруға зор үлес қосуда.