Жол жөндеуінің қарқынына көңілі толмайтын атыраулықтар шу шығарды

«Құттығай батыр көшесінің жөндеуі көзге көрінбейді». Осылай деген атыраулықтар шу шығарып, кездесуге келген шендіні жерден алып, жерге салды. Мердігер компанияға жоба қаржысының 8 пайызы ғана аударылғанын естіген тұрғындар, ақшаның қажетті мөлшері бағытталып, жұмыс барысын жауаптылар қадағаласын деген талап қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атыраудағы 1 шақырымға да жетпейтін Құттығай батыр көшесінің жөнделу қарқыны жергілікті тұрғындардың ашуын туғызды. Қара депо мен химпоселок ықшам аудандарында тұратын халық «бұл біздің керек жерімізге баратын негізгі көшелеріміздің бірі» дейді.
Жөндеу басталып, балама жол қарастырылмағасын, қараша жарты қаланы айналуға мәжбүр көрінеді. Автобус мәселесі де шешілмей келе жатқасын, кептелісте ұзақ тұрамыз дейді. Шыдамы таусылғандар жиналып әкімдік өкілдеріне талаптарын тізді.
Жөндеу басталғалы бері ештеңе жасалып жатқан жоқ. Жолдың қақ ортасында «Атырау жарық» мекемесінің жарық бағанасы тұр. Тағы екі жерде бетон құдықтар тұр. Оны әлі алмаған. Ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Жалғыз тракторды ғана көрдік. Басқа ешкім жоқ бұл маңда. Бір адам көрмейміз. Қашан аяқтайды сонда бұл жерді?! Көшелердің бәрі кептеліс. Балалар сабаққа бара алмайды. Жұрт жұмыстан қалады. Мен сияқты үлкен кісілер мына көшемен өте қойып, бара қоятын емханаға да бара алмаймыз. Неге бақыламайды осыны жауаптылар. Тез арада аяқтап, бізге ашып берсін көшені, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Жұмақыз Сәдиева.
647 метр жолды қайта жаңғырту жұмысы үш ай бұрын қолға алынған. Әу бастағы жобаның паспортында жұмыс осы 2025 жылдың қараша айында аяқталады деп көрсетілген. Дегенмен мердігер компаниядағылар ол жәй ғана кеткен қателік екенін айтып ақталды.
Мен Химпоселок тұрғынымын. Мына жолдың бетін қырып алғалы үш ай болды. Қазір міне ешқандай жұмыс жоқ. Ана Атамбаев, Азаттық көшелерінің бәрін айналамыз бір жерге бару үшін. Кептелістің кесірі көп бізге. Қанша жұмыс күні келіп қараймын мына көшенің жұмысын ешқандай техника, ешқандай адам жоқ мына жақта. Жауапты мекеме өкілдері де жүрмейді. Расында жеке өзім 5-6 мәрте келдім. Қандай компания жасап жатқанын да білмейміз тіпті. Ауыл тұрғындары осы уақытқа дейін барды әкімдікке. Айтты мына мәселені. Бірақ әлі еш қозғалыс жоқ. Жасалады деп бос уәдемен шығарып салады. Қазір жасалса алдымыз қыс. Жаңбыр басталады. Сапасы қандай болады оның, белгісіз, – дейді тұрғындардың бірі Ермек Дүйсенов.
Жалпы құны 1 млрд 100 млн теңге болатын жобаға «Шымкент НефтеСтройМонтаж» серіктестігі жауапты. Қазір жұмыс жүріп жатыр дегенімен, әкімдік осы уақытқа дейін жұмысқа тек қаржының 8 пайызын ғана аударғанын айтты. Соған қарамастан сапаға ден қойып жатырмыз дейді.
Мына жердегі жер асты суына байланысты, желілерге байланысты жұмыс күрделі болды. Бірақ қазір жүріп жатыр. Сапасына мән беріп жатырмыз. Себебі бізде 5 жыл кепілдік мерзімі бар. Егер оны асығыс, қате жасап кеткен, қайта қалыпқа келтіру керек болады. Сондықтан бәрін жіті бақылап жатырмыз. Бізге қаржының 8 пайызы ғана аударылды. Яғни 83 млн теңге ақша алды. Ал өзіміздің есебімізден де ақша салдық. Бюджетте ақша жоқ дейді. Біз шамамыз келгенінше жасап жатырмыз. Жалпы жоба келер жылы аяқталады, – дейді жауапты компания өкілі Жаппар Оразбаев.
Шу шыққан жерге Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сәрсенов келді. Тұрғындардың базынасына құлақ түріп, жалпы жүріп жатқан жұмыс барысын түсіндірді.
Бұл жердегі жұмыстар күрделі. Бірнеше желі бар астында, асты балшық. Соның бәрін реттеу керек. Сапалы болуы маңызды. Жұмыс жүріп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін көлік жүретіндей етіп ашып береміз. Қалған жұмыстың бәрі келер жылы, яғни 2026 жылы аяқталады. Қаржысына келсек, бюджеттен сұратып жатырмыз. Ол мәселе де шешіледі. Тиісті ақша аударылады, – дейді А.Сәрсенов.
Ашынған тұрғындар шендіні сұрақтың астына алды. Әкімдік өкілі тұрғындарға жыл аяғына дейін бұл көше көлік қозғалысы үшін ашық болады деп уәде берді. Тұрғындар айтылған сөз орындалмаса, қыс басында тағы да жиналып, үнімізді естір құлаққа жеткіземіз деп тарады.