“Жиһадқа шақырған”: Семейде терроризмді насихаттаған ер адам 10 жылға сотталды

Абай облысында интернет арқылы терроризмді насихаттаған ер адам сотталды. Ол әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы қарулы жиһадқа шақыратын және діни экстремизмге бағытталған материалдар таратқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында интернет-ресурстар арқылы терроризмді насихаттағаны үшін айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот тергеуі барысында анықталғандай, ер адам Семей қаласындағы №20 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы радикалды идеология мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын діни-экстремистік мазмұндағы материалдарды таратқан.
Сотқа дейінгі және сот тергеуі барысында айыпталушы WhatsApp пен Telegram арқылы бір азаматшаға қарулы жиһадқа шақыратын, террористік әрекеттерді ақтайтын бейнематериалдар мен мәтіндер, сондай-ақ басқа дін өкілдеріне қарсы бағытталған діни уағыздар жіберген.
Сот ер адамның әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігінде (бұқаралық ақпарат құралдарын және телекоммуникация желілерін пайдалана отырып терроризмді насихаттау) көзделген қылмыс құрамына сәйкес деп таныды.
Жасалған қылмыстың сипатын, оның қоғамдық қауіптілік дәрежесін және қылмыстардың қайталануын ескере отырып, сот айыпталушыны 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жазаны ішінара қосу арқылы сот ер адамға түпкілікті 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деп жазылған Абай облысы сотының хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.




