Жетісу облысында гемодиализ орталығын ашылды
Жетісуда тағы бір гемодиализ орталығы іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жетісу облысы Сарқан ауданы Қарауылтөбе ауылында туып-өскен азамат Сарқан аудандық аурухана базасында гемодиализ орталығын ашты. Оған кәсіпкер 60 млн теңге жеке инвестиция салған.
Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, кәсіпкер Азамат Доланбаев аудандық аурухананың бос тұрған үй-жайының шағын бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, гемодиализ қызметі үшін арнайы жабдықтар әкеліп орнатқан. Орталық орналасқан алаңның көлемі – 85,2 шаршы метр. Орынды жалға алу ақысы мемлекеттік бюджетке төленеді.
Осылайша 19 мың тұрғыны бар Сарқан қаласында бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан адамдардың қанын тазалап, қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ететін орталық іске кірісті. Бұрын сырқаттар гемодиализ алу үшін Сарқаннан 151 шақырым жердегі облыс орталығына қатынайтын болса, енді оларға алысқа барудың қажеті жоқ.
Аудан әкімі Ғалымжан Маманбев орталықтың ашылуымен тұрғындарды құттықтап, ел жанды азаматқа алғысын білдірді. Ол өз сөзінде осы уақытқа дейін ауданда мұндай орталық болмағанын, сондықтан созылмалы бүйрек аурулары бар азаматтардың Талдықорған қаласына баруына тура келгенін айтты.
Адам өмірі – ең қымбат құндылық, денсаулық ешқандай ақшамен өлшенбейді. Осы ретте Азамат бауырымыздың игі ісіне алғыс білдіремін, – деді Маманбаев.
Орталықта Германияда жасалған құрал-жабдықтар орнатылған. Мұнда бір мезгілде 4 науқас ем қабылдай алады. Медициналық қызмет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында МӘМС жүйесі арқылы тегін көрсетіледі.
Емдеу процесі әр адамға аптасына 3 рет жүргізіледі. Бір сеансқа шамамен 4 сағат жұмсалады. Бүгінгі күнге Сарқан ауданынан бөлек Ақсу және Алакөл аудандарының жақын аймақтарының науқастарын қоса алғанда 10 азамат ем алып жатыр, – дейді дәрігер Олжас Байжанов.
Алматы қаласының «Bios» клиникалық базасынан арнайы білім алған ол әріптесі Мұрат Бөлегеновпен бірге орталықта науқастарға арнайы медициналық көмек көрсетеді.