Жетісай: тұт ағашын егу жұмыстары басталды
Тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашуға болады. Табиғаты қолайлы оңтүстікте 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағын 45 теңгеден сатып 2 млн теңгеге дейін, ал, жібек құртын өсіріп 1350 тенгеден сатса 1 гектар баудан 4,5 млн дейін пайда табуға болады. Тек ерінбей еңбек ету керек. Егер бұл өлкеде осы кәсіп жаппай қолға алынатын болса өнімдерді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады. Өйткені мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасына сәйкес ауданда тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру ісі қолға алынып, көршілес Өзбекстан елінің Андижан қаласынан әкелінген тұт ағашының алғашқы 10 мың данасы егілді.
«Жібек – жібек құртынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Өндірілген өнімнің келісін көршілес Өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейінгі бағада сатып алатындықтарын айтуда.
Табысымызды тек мақта немесе бақша өнімдерімен байланыстырмай, тұт егу арқылы жібек өндіріп арттыруға да болады» деген аудан басшысы бұл жұмыстардың алдағы уақыттарда да тоқтаусыз жалғасатынын айтады.
Айта кетейік, аудан басшысының тапсырмасымен бұған дейін де отандық және Өзбекстан елінен шақырылған тұт шаруашылығы мамандары жергілікті шаруалармен бірнеше рет кездесулер мен семинар-кеңестер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын.