Жетісай: «ҚЫС – 2023» оқу-жаттығуы өтті
Зілзала, от, топан су – тілсіз жау. Олардан кез-келген уақытта сақ әрі барлық жағдайда дайын болуымыз керек. Тұрғындар мен мекемелердің, төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің дайындықтарын тексеру мақсатында Жетісай ауданында «Қыс – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Арнайы бекітілген нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырылған шараға аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Досан Жамединов, аудандағы барлық құрылымдар мен бөлім қызметкерлері қатысты.
Қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу және іс-әрекеттердің дайындығына толық көз жеткізу мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Қыс – 2023» командалық штабтық оқу-жаттығу жұмыстарына аудандағы жауапты мекемелерден құралған 12 азаматтық құтқару қызметтік тобы қатысты. Іс-шарада әрбір қызметтік топ жетекшісі мен топ мүшелерінен қызметтік міндеттері сұралып, техникалық базалары тексерілді. Құрал-саймандары түгенделді. Өйткені, айтып келмейтін апаттық жағдайларға аудан барлық уақытта да дайын болуы керек дейді ұйымдастырушылар.
«Шараны өткізудегі басты мақсат – айтып келмейтін табиғи-техногендік апаттарға қашан да дайын болу керектігін ескере отырып, аудандағы азаматтық құтқару топтарының дайындығын, қажетті техникалары мен құрал-саймандарының жарамдылығын пысықтау, тексеру болып табылады. Оқу-жаттығу барысында көз жеткізгеніміздей дайындық жақсы. Әрбір топ пен мүшелері өздеріне жүктелген міндеттері мен іс-қимылдарын жақсы біледі» дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Досан Жамединов.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары бастаған топ оқу-жаттығу барысында апат орын алған жағдайда бірінші кезекте қажеттілігі туындайтын байланыс саласымен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін және барлау-құтқару қызметтерін жүргізетін басты салалардың жұмыстарына ерекше көңіл бөлді.
Аудандағы азаматтық құтқару топтарының бірі – Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты топ. Мектептердің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің 50 оқытушы-ұйымдастырушыларынан жасақталған «Құтқару» командасы құрамында «Барлау тобы», «Құтқару тобы», «Алғашқы медициналық көмек тобы» және «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тобы» бар. Аталмыш топ мүшелерінің өңірде орын алған төтенше жағдайлар барысында атқарған жұмыстары да аз емес.
«Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі тарапынан жасақталған «Құтқару» командасы кез-келген апатты жағдайлар кездерінде бір кісідей ұйымшылдықпен жұмыс жасады.
Бүгінгі «Қыс – 2023» республикалық штабтық оқу-жаттығу жиынына да құтқару командамыз дайын. Біздің негізгі атқаратын міндетіміз – төтенше жағдай бола қалған жағдайда барлау жүргізу және сол аймақтағы адамдар мен бағалы, құнды заттарды құтқару жұмыстарын жүргізу. 50 азаматтан жасақталған командамыз өз қызметтерін жақсы білетін азаматтардан жасақталған» дейді команда жетекшісі Ғалымжан Боранбаев.
Осылайша аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу, төтенше жағдай кезінде адам шығынын болдырмау және төтенше жағдайда ережеге сәйкес дер кезінде іс-қимыл атқаруды дұрыс ұйымдастыру мақсатында өткен республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу жұмыстары тағы да бір рет пысықталды. Өйткені, еліміздің зайырлы, декмократиялы ел болып қалыптасуында үлкен маңызға ие Конституциямызда ең алдымен адам және адам өмірі, оның бостандықтары мен құқықтары бірінші орынға қойылған. Адамның амандығынан қымбат нәрсе жоқ.