Жетісай: қаржыгерлер арасында турнир өтті

Жетісай қаласындағы «Қ.Мұңайтпасов» атындағы орталық стадионда аудандық экономика және қаржы бөлімі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен теңгенің 30 жылдық мерейтойына орай кіші футболдан аудандық ашық турнир ұйымдастырылды.

Ұлттық валютаның айналымға енгізілген күннің мән-мағынасын айшықтаған мерекелік шараға қаржы саласында жұмыс жасайтын аудандық банктер мен почта бөлім есепшілері, ауылдық округ әкімдіктерінің есепшілерінен құралған 12 командада 150-ге жуық қаржыгерлер қатысты.

«15 қараша – Ұлттық валюта күні және еліміздегі қаржыгерлер қауымының кәсіби мерекесі екені белгілі.

Теңге – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы. Төл валютамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық экономиканың құрылымдарын қалыптастыруды қамтамасыз ете алды. Төл валютамыз ғана тәуелсіз экономикалық және қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыруымызға, нақты экономикалық егемендікке қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызды» деген аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков қаржыгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Тартысты өткен турнирде қаржыгерлер өздерінің тек есепте ғана емес, спортта да мықты екендіктерін дәлелдеп әдемі ойын өрнегін көрсетті. Кәнігі кәсіпқой футболшылар секілді топтық ойын, қауіпті шабуылдар ұйымдастырып бақты.

Десек те, жарыс қорытындысымен жүлделі ІІІ орынды аудандық кірістер басқармасының командасы иеленсе, ІІ орынға «Халық банк» АҚ Жетісай аудандық бөлімінің құрамасы табан тіреді. Ал, өзгелерден айла-тәсілін асырып, І орынды қанжығаларына байлаған KMF микро қаржы ұйымының ұжымы жарыстың жеңімпазы атанды.

Айта кетейік, 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты.

1993 жылдың 12 қарашасы күні «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылып, сол жылдан бастап 15 қараша Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілген күн болып белгіленді.

Турнир соңында жеңімпаз командалар мен үздік ойын көрсеткен жекелеген қатысушылар ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен марапатталып, арнайы дипломдары мен кубоктарына ие болды.

ПІКІР ЖАЗУ