Жетісай аудандық сотында дөңгелек үстел өткізілді
Жетісай аудандық сотында борышкерлерді ел аумағынан шығуын шектеуді уақытша тоқтата тұру бойынша сот орындаушысының қаулысын санкциялау мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел өткізілді.
Жиынға Жетісай ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің сот орындаушылары мен жеке сот орындаушылар қатысты.
Іс-шараға төрағалық етуші аудандық соттың төрағасы Е.А.Қожамқұлов жиынды ашып, борышкер болып табылатын жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу және уақытша шектеуді тоқтата тұру мәселелері бойынша сотпен санкцияланған сот орындаушысының қаулыларына тоқталды.
Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңына сәйкес, борышкер болып табылатын жеке тұлғаның ел аумағынан шығуын уақытша шектеу Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде емдеу жүргізу қажет болған жағдайларда, сот орындаушысының қаулысын сот Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен санкциялайтынын айты келе, қаулыда тоқтата тұрудың мерзімдері көрсетілуі және шетелде емделуді растайтын құжаттардың болу қажеттігін атап өтті.
Жиынға қатысушы сот орындаушылар кезегімен сөз алып, санкциялау туралы сот қаулылары борышкерлердің шет елдерде емдеу қабылдауға байланысты шектеуді уақытша тоқтату тұру туралы өтініштері бойынша сотқа жолданып отырғанын, оған шетелде емдеудің қажеттілігін растайтын құжаттар қоса тіркелетінін айтып, алдағы уақытта борышкерлердің шетелде емделуін растайтын құжаттардың заңдылығы тексеріліп заң талабына сәйкес жолданатынын айтты.