Жетім балалар үйсіз, мүгедектігі барлар жәрдемақысыз қалған

 Атыраудағы білім бөлімінің мамандары 3 жетім баланы дер кезінде тұрғын-үй кезегіне тіркемеген. Ал қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жауаптылары болса, мүгедектігі бар 7 балаға мемлекеттен тиесілі жәрдемақыны аударуға асықпапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңбұзылықтарды Атырау қаласының прокурорлары анықтаған. Сөйтіп балалардың құқығын қорғап, кезегіне қоюға, жәрдемақысын алуға көмектесті. 

Жалпы осы жылдың басынан облыс бойынша бас-аяғы 200 баланың құқығы бұзылған. Полиция қызметкерлері 197 балаға заңсыз хаттама толтырыпты. Жаяу жүргіншілер жол жүру ережесін бұзды деген желеумен, құзырлы орган өкілдері кәмелет жасқа толмаған балалардың қасында қорғаушының болмауына қарамастан, құжатты жасақтап, хаттама толтырып тастаған. Прокурорлар болса, оның негізсіз екенін дәлелдеді. Қызмет барысында заңды пысқырмаған 24 полицей жауапқа тартылды. 

Полиция қызметкерлері кәмелет жасқа толмағандарға қатысты қорғаушының қатысуынсыз әкімшілік хаттамалар жасақтаған. Прокуратураның наразылығы негізінде 197 хаттаманың күші жойылды. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде 3 жетім бала тұрғын үй алуға кезекке тұрғызылды. Мүгедектігі бар, үйден білім алатын 7 балаға тиесілі жәрдемақы төленді. Осылайша балалардың конституциялық құқықтары қорғалды, – дейді Атырау қаласы прокуратурасының бөлім аға прокуроры Айгүл Есенғожина.

Бұдан өзге, балаларға зиян келтіретін теріс мазмұндағы, соның ішінде өз-өзіне қол жұмсау мен есірткі құралдарын насихаттап келген 85-тен астам интернет сайттары бұғатталып, жұмысы тоқтатылды. Әлеуметтік желідегі парақшалары жойылды.

ПІКІР ЖАЗУ