Жедел жәрдем қызметі жедел ме?

Ет пен сүйектен жаралған соң сырқаттанбай тұрмайтының белгілі. Мұндайда емхана жақын болса бағыңның жанғаны, керісінше қақпаңнан қашықтау болса әлсіреген ағзаңды әуреге салуың әбден мүмкін. Шыбын жанын шырқыратқан науқастың есіне ең бірінші жедел жәрдем түсіп, телефоннан «103» нөмірін тереді…  Қай жерің ауырса – жаның сол жерде  тұратындай. Қысылғанда уақыт та тоқтап қалады. Күткен әрбір минут жылдарға тең, жылжып болмайды. «Жедел жәрдем» жеткенше жан шүберекке түйіліп, жүрек ауызға тығылатыны бар. Көз сағатта, назар есікте. Ой сан-саққа соғып, көкейде бір ғана сұрақ: «Жедел жәрдем жедел жетеді ме?». Біз бүгін осы сұрақты арқалап Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының ШЖҚ «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК қарасты Түлкібас аудандық №13 жедел жәрдем кіші бекетінің меңгерушісі Ғалбият Ғалымұлына барған едік…

– Ғалбият Ғалымұлы, «Жедел жәрдем» расымен жедел ме, сұхбатымызды осыдан бастасақ?

– Сауалыңызға  жауапты тереңіректен іздеп көрейік. Халық саны өскен сайын, жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер көбеймесе, азаймай отыр. Ауданда 112 мыңға жуық халық шоғырланған. Бекітілген стандартқа сай 10 мың халыққа бір жедел жәрдем көлігі бекітілген. Жергілікті халық кейде жедел жәрдем келу уақытына байланысты наразылық танытып жатады. Біз 225-ші бұйрық бойынша жедел жәрдемнің шақыртулары төрт категорияға бөлінеді. Соның 3-ші категориясына дейін жұмыс жасаймыз. Бірінші категория – 1 минут мен 9 минутқа дейінгі аралықта межелі орынға жету керек. Бұл дегеніміз, адам өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда жету керек уақыт. Мысалы: өзіне өзі қол жұмсау, тоқ соғу, найзағай түсу, суға тұншығу, жол апаты сынды жағдайлар болғанда. Екінші категория: 1 минут пен 14 минут 59 секунд аралығы. Қан кету, жүрек ритмінің бұзылуы, тыныс жолдарының асқынуы болған жағдайды көрсетілген уақыт аралығында діттеген мекен-жайға жетуге тиіспіз. Үшінші категория- 1 минут пен 30 минут аралығы.

ПІКІР ЖАЗУ