Жамбыл облысына әскерге аттанған сарбаз сал болып қалған

Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге сау болып аттанған сарбаз сал болып қалған. Жасөркен әскери заставасындағы Ахметәли Жәдігер 7 айдан бері төсек тартып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Анасының айтуынша қазір жауынгердің құлағы естімей, бір көзі көрмей қалды. Денесін терең жара басқан. Сөзінше әскердегі жас сарбаздың алғашқыда бірнеше күн бойы қызуы көтеріліп, ангинасы қабынған. Ал әскери басшылығы ауруы асқынған кезде бір-ақ ауруханаға жөнелтіпті. Енді дәрігерлер 19 жастағы жігіттің дертінің диагнозын таба алмай жатыр екен.

Дені сау, көзі көретін, құлағы еститін бала бергенмін мен әскерге! Менің баламды мүгедек етіп отыр әскери қызметкерлер! Балама ем-дом көрсетпей, немқұрайлы қарап, баламды комаға түсіріп, инвалид етіп отыр шекара қызметі. Бірінші санитарлық бөлімшеде жатты. Бір тәулік жатты. Екінші инфекциялық ауруханада жатты Тараз қаласындағы. Одан кейін 6 ай бойы Алматы қаласындағы госпитальда жатты. 6 ай бойы ешқандай ем-дом көрініп жатқан жоқ. Баламның беті бері қараудың орнына ары қарап бара жатыр, – дейді анасы Ұлжан Жәдігерова.

Қайғыдан қан жұтқан ана сарбаздың дертіне дауа таба алмаған әскерилер баламды қолыма бермей отыр дейді. Кеш болмай тұрғанда ұлын жеке ауруханаға қаратып, емдетуге асығады.

Әрі дәрігерлер денсаулығына салғырт қарағаны үшін өтемақы төлеуді талап етуде. Ал шекара қызметі қазір жауынгерге Алматы қаласындағы кардиология және ішкі аурулар институтында ем-дом жүргізіліп жатқанын айтты. Аймақтық госпиталь науқасты жіберу туралы шешім шығармайынша біз еш шара қолдана алмаймыз дейді. Ал анасы айтқан жеке клиникаға көрсету мүмкіндігі қарастырылмаған деп отыр.

Шекара қызметі тарапынан ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Бізде белгіленген госпитальдар бар. Ары қарай қандай ем қолданылады, қандай тактика қолданылады, қандай медикамент қолданылады, мен медик емеспін. Сондықтан мен оған жауап бере алмаймын. Сол сұрақтарыңыз болатын болса, Алматы қаласы бойынша госпитальға барып жүгініңіздер, – дейді ҰҚК шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департамент бастығының тәрбиелік–идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Саят Шубаев.

ПІКІР ЖАЗУ