Ұстаздар күні мерекесі аталып өтті

Бүгін ұстаздар мерекесіне орай «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Ұстаз жолы – ұлы жол» атты мерекелік шара өтті. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, бөлім, мекеме басшылары мен ұстаздар қатысты. Аяулы ұстаздарды мерекемен аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтады.
– Ұлтымызды дәріптеп, рухымызды биіктетіп, ұлттық сенімімізді жігерлендіретін ұрпақтың болашағы – бізге және ұстаздар қауымына үлкен міндет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек». «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берді. Алдағы жылы ауданымызда осындай міндеттерді іске асыру мақсатында бірнеше білім ошақтарын салу жоспарлануда. Соның бірі Ы. Алтынсарин атындағы 1200 орындық «Жайлы мектеп» салудың құрылыс сметалық құжаттары дайындалуда. Осы арқылы екі ауысымдық мектеп мәселесін жеңілдететін боламыз, -деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков.
Ауданның білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздарға аудан әкімінің, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ А.Байтұрсыновтың 150 жылдық мерей тойына орай ұйымдастырылған эссе жазу байқауына қатысқан мектеп басшыларына арнайы сый- сияпат берілді.
Аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев, жанары ізгілікке, жүрегі қадір-қасиетке толы, жаны жайсаң ұстаздар қауымына жылы лебізін білдіріп, аудандық мәслихаттың алғыс хатымен марапаттады.
Сонымен қатар шәкірттері биік белестерді бағындырып жүрген шығармашыл ұстаздарға Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының алғыс хаты табысталды. Салтанатты шара әсем әнмен өрнектелді.

ПІКІР ЖАЗУ