Үнзила Шапақ: Қазақстан халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституциялық комиссияның кезекті отырысында ұсынылған Конституция жобасында халықаралық шарттарға қатысты үш негізгі ереже көзделгенін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біріншісі, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары Қазақстан Республикасының қолданатын құқық жүйесінің құрамдас бөлігі екені айқындалады. Осылайша жобаның 5-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының қолданылатын құқығы Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, ҚР Конституциялық соты мен Жоғарғы сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, Қазақстанның халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары деп нақты көрсетілген, – деді депутат.
Үнзила Шапақ бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелерден бас тартпайтынын, керісінше, оны қолданылатын құқықтың, яғни қоғамдық қатынастарды реттейтін маңызды құрамы, бөлігі ретінде мойындалатыны тұжырымдалғанын атады.
Бұл бойынша дау туындауы мүмкін емес, бұл бұрыннан келе жатқан қағидат, әлі де сол қалпынлда жұмыс істейтін болады, – деді ол.
Мәжіліс депутаты жаңа Конституциядағы өзгерістер халықаралық міндеттемелерден бас тарту туралы емес, оларды қолдану тәртібіне қатысты екенін айтты.
Жобада халықаралық шарттардың ел аумағында қолданылу механизмі заңдармен белгіленетіні жазылған. Бұл қалыпты халықаралық шарттардың заңды күші мен міндеттілігіне күмән келтіруге жол берілмейді. Үшінші, Қазақстан Республикасында ратификацияланған барлық халықаралық шарттар жарияланады. Бұл жоғарыда аталған екі ереженің іске асуының бірізді нәтижесі. Яғни біріншіден, біз халықаралық міндеттемелерді қолданыстағы құқықтың бөлігі ретінде танимыз. Екіншіден, оларды заң талаптарына сәйкес қолданамыз. Үшіншіден, оларды жариялаймыз, – деп толықтырды депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарттарды жариялау мемлекет қабылдаған міндеттемелермен барлық азаматтың танысуын қамтамасыз етеді.
Халықаралық шарттарға қатысты жоғарыда айтылған ережелерді ескере отырып, ұсынылып отырған Конституцияның нормасы құқықтық айқындықты енгізуге, конституциялық құндылықтарды қорғауға және құқықтық реттеудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Үнзила Шапақ.




