Үйленуден қорықпаңдар: Депутат жастарға отбасылық бақыт құпиясын айтты

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Осыған орай, әлеуметтік желідегі парақшасында қаржылық сауатпен қатар, басы бос жастардың отбасы құруына себепші болып, әрдайым отбасылық құндылықтарды насихаттап жүретін блогер, экономист, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаевтан сұхбат алдық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ қоғамындағы отбасы институтының бүгінгі жағдайы сізді неге алаңдатады?
Отбасы институтының босаңсып бара жатқанын байқаймын. Ажырасу деңгейі өсіп жатыр. Ажырасудан кейін, білесіз, қаншама бала бірі әкенің, бірі ананың тәрбиесін көрмейді. Бұл үлкен әлеуметтік қиындық, түсінген адамға. Ар жағында алимент мәселесі бар. Одан кейін жалғызбасты аналарға баланы өсіру қиынға соғып жатады.
Одан бөлек, бала тәрбиесіне деген жауапкершілік әлсірей бастағаны алаңдатады. Жалпы, отбасы ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрге негізделген болуы керек деп санаймын. Егер отбасы әлсіз болса, қоғам да әлсірейді. Біз “Отбасы – шағын мемлекет” дейміз. Сол шағын мемлекетімізде адалдық, тазалық, тәрбие, бірін-бірі түсіну болатын болса, үлкен мемлекетімізде де тыныштық, береке болады. Шағын мемлекеттерде береке, бірлік болғаны маңызды.
Сіздіңше, отбасындағы әкенің рөлі қандай? Әке болу сізді қалай өзгертті?
“Әке – асқар тау” деп өскен адамдармыз ғой, әлі де сол тәрбиемен жүрміз. Өзімнің балаларымда да әкені сыйлап, құрметтеп, бағалап, әкенің жылулығын сезініп, сондай түсінік қалыптасса екен деймін. Қазақта “Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің” деп айтады ғой, ата-ананың қадірін өзіміз балалы болғанда біліп, әкенің рөлін алғаннан кейін, бірінші кезекте, бұл – үлкен жауапкершілік. Әке болған соң өзіңді отбасының тірегі, тәрбие мен үлгінің иесі ретінде сезінесің.
Әкенің рөлі тамағын, киімін алып, баланы тек қана материалдық жағдаймен қамтумен шектелмейді. Әкелікті, бірінші кезекте, баланың рухани жетекшісі болу деп сезінемін. Балаларым үшін жақсы әке болуға тырысып, әр ісімде олардың болашағын ескеретін болдым. Әке болғаннан кейін ойың “мен жетпеген жетістіктерге балаларым жетсінші, балаларым тәрбиелі болсыншы” дегенге ауады екен.
Әлеуметтік желі арқылы басы бос жастардың үйленуіне себепші болып жүрсіз. Қазіргі жастардың отбасын құруға көзқарастары қандай? Көбі үйленуге асықпайтын секілді.
Иә, қазіргі жастардың көбі отбасы құруға қатты асықпайтынын байқадым. Мен “махаббат келген кезде бәрібір үйлену керек” деп айтамын. Бірақ қазір махаббаттары келіп тұрса да, “өзіміз үшін өмір сүре тұрайық, бір-бірімізді танып алайық” деп жүреді. Бір айтатын нәрсе өмір-бақи сол адамды танымай да кетуің мүмкін. Адам өмір бойы даму үстінде болғандықтан, адамды 2-5 айда, 5-10 жылда тану мүмкін емес. Уақыт өте келе бір үйрену, сіңісу, қабылдау болады.
Содан кейін барып отбасында өмір сүру жеңіл болады. Әйтпесе “бір-бірімізді тану керекпіз” десе, “ой, мен дұрыс танымаппын ғой, мынадай қылықтары бар екен” деп 50-60-қа келгенше жүре береді адам. Көп жағдайда кейбір ұнамайтын нәрсеге де көз жұма білу керек. Өйткені адамның мінсіз болуы мүмкін емес. “Жағдайды жасап алу керек” дейді, анау дейді, мынау дейді, түрлі сылтау айтады. Бірақ жағдайдың барлығы сол отбасылық өмірден, нөлден басталғаны дұрыс.
Шаңырақ көтергісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
Отбасын құрған кезде, бірінші кезекте, екі жастың бойында, әрине, махаббат, түсіністік, отбасылық үйлесімділік, яғни гармония болу керек. Барлығы бірден бола салмайды, соны түсіну керек. Екі жас өздері бір зат алып, еңбекпен жететін болса, сол нәрсе ыстық болады. Қазір көп жағдайда жастарға бәрін дайындап береді немесе несиеге той жасайды. Содан кейін төлей алмай ажырасып жатады.
Мен үнемі “5 сағаттық тойға 5 жыл төлейтін несие алудың қажеті жоқ” деп айтамын. Осыны ойлану керек. Одан кейін мен көбіне қаржылық сауаттылық жайлы айтқаннан кейін ерлі-зайыптылардың ақшаға келгенде “сенікі, менікі” деп жататынын байқаймын. Ақша ортақ жинақталуы қажет. Сол отбасының нақты бір мақсаты болуы керек. “Біз үй аламыз, көлік аламыз, шетелге қыдырамыз” деген секілді. Сол жоспар, мақсат болатын болса, оған жайлап-жайлап жете бастайды.
Қазіргі отбасылар көбінесе сол материалдық жағдайға тәуелді болып бара жатқандай. Керісінше, жаңа айтқандай, барлығы нөлден басталса екен деймін. Екеуі екі жақтан еңбек етіп жинайтын болса, бәрінен де сол нәрсе ыстық, сол дүние қымбат болады. Одан кейін отбасы құрудан қорықпау керек. Қиындықпен бірге өсуге де дайын болу керек. Екеуі қатар жүреді. Бастысы екі жас бір-бірін түсінсе болды.
Қаржылық сауаттылық пен отбасы бақыты арасында байланыс бар ма?
Әрине, тікелей байланыс бар. Нарықтық экономика болғандықтан, ақша, қаржы қатынастары, банктер бар. Жаңа айтқанымдай, жоқшылықтан көп адам ажырасып жатады. Сондай-ақ қаржылық сауат – тек ақша табу емес, оны дұрыс басқару, артық шығыннан сақтану, болашаққа жоспар құру. Үй алам, көлік алам, шетел қыдырам десең де, сен оған ақшаңды есептейсің.
Қаржы мәселелерінен туындайтын кекілжіңдер көптеген отбасында күйзеліске, ажырасуға, ұрыс-керіс, айқай-шуға да себеп болады. Сондықтан отбасылық бюджетті дұрыс басқару тыныш әрі бақытты өмірдің бөлшегі, негізі десек те болады.
Сіздің өз отбасыңыздан алған басты тәрбиеңіз қандай?
Ең басты алған тәрбием – үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, еңбекке адал болу, әрқашан шындық айту, біреудің ақысын жемеу. Ата-анам “қарыз алма, ешкімге қарыз болма” деп айтатын. “Тіпті қарыз алсаң да, уақытымен қайтар” деген тәрбиемен өсіп келе жатырмын әлі де. Мектеп оқып жүргенде “мектептегіні ішке тасыма, үйдегіні мектепке тасыма” деп айтатын. Ата-анам маған туысқандар арасындағы ауызбіршілік жайлы да жиі айтып, бағыттап отырады.
“Дос болу керексіңдер, туысқандар арасында бірлік болу керек” дегенді де жиі насихаттап, сондай тәрбиемен өскенбіз. Одан кейін, әрине, қазақылық деп ойлаймын. Қазақша білім алдық, қазаққа қызмет етіп жүрміз. Анам марқұм болды былтыр, жаны жәннатта болсын. Қазір әкем, жалпы ата-анамның берген тәрбиесі осындай.