Түркістанда өткен республикалық театр фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Бүгін Түркістанда Қазақстан мен Қырғызстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның Халық әртісі, профессор, Түркістан қаласының сазды-драма театрының негізін қалаушы әрі тұңғыш көркемдік жетекшісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына орай алғаш рет ұйымдастырылған «RAIYMBEK FEST» І Республикалық театр фестивалі бүгін өз мәресіне жетті.
Фестивальге арнайы келген қонақтар қатарында және қазылар алқасының құрамында Райымбек Сейтметовтың өмірдегі, өнердегі досы, театр және кино актері, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азат Сейтметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Сраилов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы, өнертану кандидаты, профессор Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Балтабай Сейітмамытов, Райымбек Сейтметовтың жары Нинель Малдыбекқызы мен жанұясы, Қадыр Мырзалиевтің жары Сағатай Мурзалиева бар.
Фестиваль барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Мөлдір Оңдасынова ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатын оқып, табыстады. Сондай-ақ Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Жанар Темірбекова сөз алып, біртуар азамат жайлы және соның атында өткізілген фестиваль туралы пікірін білдірді.
4 күнге созылған тартысты өнер додасына еліміздің әр өңірінен 11 театр ұжымы бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен «Көрермен көзайымы» номинациясымен Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинациясымен Алматы қаласының «Жаңа ғасыр» театры, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясымен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі, «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясымен Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі, «Үздік әйел рөлі» номинациясымен Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртісі, «Үздік ер адам рөлі» номинациясымен Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртісі, «Заманауи тақырыпты игергені үшін» номинациясымен Абай облысының Семей «Дариға-ай» жастар театры, «Үздік көркемдік шешім» номинациясымен Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясымен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, «Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен Жамбыл облыстық орыс драма театры, «Райымбек Сейтметов атындағы арнайы сыйлық» номинациясымен Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры марапатталды.
Райымбек Сейтметовтың өз дауысымен жазылған «Түркістан» өлеңінің бейнетуындысымен басталған жабылу салтанатында жеңімпаздар құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды. Шара соңында Қадыр Мырзалиевтің «Актер» өлеңін Айдар Наурызбаев оқып берсе, дәл осы туындының әнін Райымбек Сейтметов театрының әртістері шырқады. Айта кетейік, фестиваль ұйымдастырушы – Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және туризм басқармасы.