Түркістанда балалардың қиялынан туған ертегілер жинағының тұсауы кесілді
Бүгін «Фараб» кітапханасында «Ақылды балаға – сыйлыққа Ақылдым» ақция-байқауы өз мәресіне жетті. Онда әр ауданнан облыстық финалға жолдама алған 18 бала сынға түсті. Байқау барысында қатысушы балалардың қиялынан туған ертегілер жазылған жинақтың тұсауы кесілді.
Байқау қорытындысы бойынша Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт аудандары мен Түркістан қаласынан қатысқан үміткерлер арнайы номинация иеленді. Ал ІІІ орынды – келестік Ерсұлтан Икрам иеленіп, Түркия еліне саяхатқа жолдама алды. ІІ орын алған түлкібастық Лала Кулиева Грузия еліне жолдамаға ие болды. І орын иесі төлебилік Думан Жақсылыққа Дубай қаласына жолдама бұйырды. Ал, бас жүлде иесі Мерей Балтабекке Тайланд еліне жолдама және «Фараб» кітапханасының арнайы 30 000 теңге ақшалай сыйлығы бұйырды. Барлық қатысушыға ҚР Оқу ағарту министрінің алғыс хаты табысталды.
Отырар ауданынан келген қатысушы Ақерке Баянбай демеуші Батырбек Көшербайдың арнайы стипендиясының иегері атанды. Бәйдібек ауданының намысын қорғаған Жайна Шырынбек композитор Бекжігіт Сердәлінің арнайы сыйлығына ие болды. Қазылар алқасының мүшесі Ұлмира Нұрмаханқызының арнайы ақшалай сыйлығы ордабасылық Інжу Жолдасқа бұйырды. Ал ұстаз Әсел Бимырзаеваның арнайы сыйына саурандық Думан Төлеу ие болды. Жанат Сәдібекқызының арнайы сыйы – «Алтын Самрұқ» театрына жолдама және «Түркістан» 3Д кітабы барлық қатысушыларға табысталды. Сонымен қатар, қатысушылар «Ақылдым» журналына 6 айға тегін жазылым алды.
Үш кезең бойынша сайысқан қатысушыларға «Қызмет» газеті ЖШС директоры, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова, журналист, профессор, композитор Бекжігіт Сердәлі, «Turkistan» телеарнасының продюсері Ұлмира Тоқсанбаева, ұстаз Әсел Бимырзаева, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова қазылық етті.
Айта кетейік, Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасы мен республикалық «Ақылдым» журналы бірлесіп ұйымдастырған аталған байқау сәуір айынан бастап оқырманға жол тартқан болатын.