Түркістан: «Жібек жолы» кеден бекетінің маңын реттеу жолдары қаралды

Қазақ-өзбек шекарасының маңындағы жылдар бойы жалғасып келе жатқан «жабайы» саудаға тосқауыл қойылуы тиіс. Маңызды мәселеге нүкте қою үшін Сарығаш ауданынағы «Жібек жолы» кеден бекетінің айналасы толық реттеледі. Жаңа полиция бекеті ашылады. Бұл жерде заманауи терминал салу жолдары қарастырылуда. Осы аумақтағы барлық сауда нүктелері сонда орналастырылады. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарығаш ауданына келіп, кеден бекеті маңындағы жағдайды бақылады. Сауда орталықтарының иелерімен жүздесіп, оларға мәселені кеңесе отырып, заңды шешу жолдарын көрсетті.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздікті сақтау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді.

«Жібек жолы» кеден бекетінің жанында пайдаланудағы және салынып жатқан ретсіз, заңсыз құрылыстарды анықтап, құқық бұзушылықты жою бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстық бақылау жөнінде басқармасымен 17 құрылыс нысандарында анықталған заң бұзушылықтар негізінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылып, 4 млн теңгеден аса айыппұлдар салынды. Заңсыз құрылыс нысандарын бұзу жөнінде сотқа арыздар жолдануда. Алайда сот айыппұл салумен шектелген. Басқарма сот қаулысымен келіспей, прокуратураға қарсы пікір білдіруге хат жолдап жатыр. Заңсыздықты жою жұмыстары тоқтамайды.

ПІКІР ЖАЗУ