Түркістан: тұрғын үй алу үшін алғашқы жарна 10%-ға төмендеді

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының «Отбасы банк» АҚ директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев айтты.

– Жаңа тұжырымдама бұрынғы «Нұрлы жер» бағдарламасының орнына қолданылады. Басты ерекшеліктері – бастапқы жарна «Нұрлы жер» бағдарламасында 20%-ды құраса, ал жаңа тұжырымдама бойынша 10%. Сондай-ақ, табыс көзіне шектеу жоқ. Ең бастысы, соңғы 6 айда үзілмеген табыс көзі болуы қажет. Одан бөлек, үй кезегінде тұрған азаматтарға 5%-бен рәсімделеді. Ал егер үй кезегіндегі азамат белгілі әлеуметтік санатқа сәйкес келсе несиені 2%-бен рәсімдей алады. Талап – отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда ел аумағы бойынша жылжымайтын мүлік болмауы керек. Өтінім жіберу www.otbasybank.кz сайты арқылы жүргізіледі, – деді Дәурен Серікқалиұлы.

Брифинг барысында Түркістан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін айтты. Сондай-ақ, 9 айдың қорытындысымен облыс бойынша 669,4 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне тапсырылған.

Еске сала кетейік, Түркістан облысы құрылғалы, 2018-2023 жылдар аралығында кезекте тұрған 6 303 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтылған.

ПІКІР ЖАЗУ