Түркістан: Түлкібаста экотуризмді дамытуға бағытталған тың жоба бастау алды

Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Арыс ауылдық округінде экотуризмді дамытуға бағытталған «ALTY KÖL» жобасы бастау алды.

Ғабит Пернебаев есімді жеке кәсіпкер өзіне тиесілі 10 гектар жердің 5 гектарына 6 жасанды көл жасап, қалған 5 гектарына ауданда сирек кездесетін сәнді ағаштар, қауын қарбыздың түр-түрін, жүгері, алма бауын отырғызған.

Бүгінгі таңда жоғарыда аталған 6 көлдің екеуіне кәсіпкер балық шабақтарын жіберіп қойған.  Біріне 10 мың дана хан (форель) балығының шабақтарын жіберсе, екінші тоғанға  бекіре балығының шабақтарын жіберген. Алдағы уақытта қалған көлдерді де қамтуды көздеп отыр.

Еңдігі кезекте кәсіпкер жасыл желекке оранған аймақты абаттандыруды қолға алып, демалыс аймағына айландыруды көздеп отыр. Яғни, бұл жерде кәсіпкердің айтуынша этноауыл, амфитеатр, шағын зообақ, демалыс үйлері, спорт алаңдары мен атпен серуендеу қызметі және т.б. түрлі қызмет түрлері демалушыларға ұсынылмақ.

Аталған жобаның идеясын кәсіпкер Австрия елінен алғызып, сызбасын Ресей еліндегі білікті мамандарға сыздырған. Аталған шаруашылыққа аудан әкімі Асқар Естібаев, аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Ғани Құрманбай арнайы барып, жобамен етене танысып, кәсіпкердің тың бастамасына сәттілік тіледі.

Мемлекеттен қолдауларды ұсынған аудан басшысы бүгінде балық шаруашылығын бастап отырған кәсіпкерге оның жемінің 30 пайызын субсидиялауды ұсынып, сүйемелдеу бойынша жауапты орынбасарына нақты тапсырмалар берді.  

Айта кетерлік, биыл Түлкібас ауданында бұдан бөлек туризм саласын дамытуға бағытталған жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайтын 3 ауқымды жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оларда 220 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.