Түркістан: төлебиліктер мұқтаж жанға баспана кілтін табыстады
Төлеби ауданында тұрғын үй кезегінде 5392 азамат тұр. Баспанаға мұқтаж азаматтар тұрмыстық, әлеуметтік жағдайларын айтып, пәтер бөлуге көмек сұрап, аудан әкімінің жеке қабылдауына, кездесулеріне жиі келеді. Аудан әкімі Төлеген Телғараев өтініш иелерінің мәселесіне жіті назар аударып, жүзеге асуын өз бақылауында ұстауда.
Аудан әкімінің Зертас ауылдық округінде өткен кездесуінде округ тұрғыны, жалғызбасты ана Ақмарал Тұрысбекова баспанаға мұқтаждығын айтып, көмек сұраған болатын. Ауылдық округ әкімінің бастамасымен елді мекен халқы қаражат жинап, тұрғын үйдің іргетасын құйды. Еріктілер мен округ тұрғындарының қамқорлығымен үйдің қабырғалары қаланып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйді аяқтау үшін қалған қажетті қаражатты Зертас елді мекенінің тумасы, Түркістан облыстық депутаты Қанат Нышанов қосып, жеке қаражатына үйді толық аяқтап, 5 бөлмелі баспананың кілтін табыстады.
Қуанышты жиынға орай, жаңа баспанада құран оқылып, ауыл ақсақалдары Қанат Нышановқа батасын беріп, иығына шапан жапты.
Айта кетейік, бірлігі мен тірлігі жарасқан елді мекеннің белсенді жастары мен тұрғындары көмекке мұқтаж тағы бір отбасына тұрғын үй құрылысын жүргізіп, аяқтап, беруді жоспарлап отыр.