Түркістан: Төлебиде туризм саласындағы инвестиция едәуір артқан

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев мәлімдеді.

Оның сөзінше, ауданның биылғы 9 айдағы жалпы өңірлік өнім көлемі 106,4 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ, аймаққа тартылған инвестиция көлемі – 24,6 млрд теңгеге жеткен.

– Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтыны белгілі. Осы ретте өндірілген өнім көлемі 9 айдың көрсеткіші бойынша 50,3 млрд теңгеге жетті. Оның 30,1 млрд теңгесі – мал шаруашылығына, 20,2 млрд теңгесі – егін шаруашылығына тиесілі. Биылғы жылы 65 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл салада жүзеге асатын ірі жобалардың бірі – Көксәйек ауылдық округіндегі «ADS AGRO» ЖШС-і 600 млн теңге несие алып, 1 800 жылқыны бордақылап отыр. Сондай-ақ, ет өнімін вакуммен орау және мал етінің сүйегінен ұнтақ шығару қондырғыларын орнатты, – деді Төлеген Тұртайұлы.

Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 140 бірлікке жеткен. 2023 жылдың 9 айында аймаққа 31 884 демалушы келген. Осы ретте Алатау ауылдық округінде жеке кәсіпкер Еркінбек Бексұлтан жалпы құны 100 млн теңгеге демалыс аймағын іске қосуда. Сондай-ақ, Нысанбек елді мекенінде құны 800 млн теңгені құрайтын демалыс орны ашылған. Сонымен қатар, Ақмешіт шатқалында демалыс аймағы құрылды. Ал Зертас ауыл округінде жеке кәсіпкер К.Қожамжарова саумалмен сауықтыру орталығын іске қосқан.

Бұдан бөлек, ауданды инфрақұрылыммен қамту бойынша 55 елді мекеннің 51-і табиғи газға қосылған. Сондай-ақ, 2022 жылы жақсы және орташа жағдайдағы жолдардың үлесі 85 пайыз болса, биыл бұл көрсеткішті 90,3 пайызға жетпек.

ПІКІР ЖАЗУ