Түркістан облысынан Теріскейге қоныс аударушылар саны артып келеді

Қостанай облысына қоныс аударғандардың жағдайымен танысып жүрген түркістандық делегация Ы.Алтынсарин ауданындағы Жаңа су ауылына барды. Жұмысшы топ онда Қаныбековтер отбасымен танысты. Бүгінде ағайындылардың бірі мал шаруашылығымен айналысса, бірі орман шаруашылығында өрт сөндіруші болып қызмет атқарады. Қаныбековтер Ордабасы ауданындағы Бадам ауылынан көшіп келген. Қоныстанушылардың айтуынша, Қостанайдағы ауылдар қазақы салт-дәстүрге берік. Ауасы таза әрі жайылымға қолайлы. Бүгінде Жаңа су ауылында 45 отбасы бар.

Бұдан бөлек, жұмысшы топ биыл мамыр айында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында солтүстікке көшіп келген 32 жасар түлкібастық Жасұлан Әйтеновпен кездесті. Бүгінгі таңда Жасұлан құрылыс компаниясында инженер болып жұмыс істейді. Жары ұлттық нақыштағы киім мен түрлі бұйымдар тігумен айналысады. Сонымен қатар, теріскейге қоныс аударған түлкібастық Азиза Абдрасулова «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында өз кәсібін ашқан. Ол қайтарымсыз грант жеңіп алып, оған фаст-фуд өнімдерін дайындайтын орталық ашқан. Азизаның айтуынша, Қостанай – кәсіп жүргізуге өте қолайлы әрі бәсекелестік жоқ өңір.  

ПІКІР ЖАЗУ