Түркістан: Созақтағы Қыземшек кентінде екі балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді

Қыземшек кентінде балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту мақсатында тағы екі жаңа ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Бұл жолы заманауи алаңшалар Шұғыла көшесі мен екінші шағын ауданнан салынды.

Ашылу шарасына кент әкімі Марс Әбіл қатысып, тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтады. Кент қариялары ізгі тілектерін арнап, алғыстарын жеткізді. Шара аясында балаларға балмұздақтар үлестіріліп, аниматорлар бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік биыл Қыземшек кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған дейін 1-ші шағынаудандағы 23-үйдің алдында тағы бір балалар ойын алаңы салынған. Сонымен қатар Таңбалытас көшесіндегі кіші футбол алаңының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында кент аумағына 7 бейнебақылау камерасы орнатылды. Көше бойларындағы жарық бағаналары безендіріліп, орталық саябақта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 1 020 шаршы метр жерге аяқжол  төселіп, қоршаулар жаңартылуда.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Қыземшек кентінде 9 балалар және воркаут алаңы, сондай-ақ 2 кіші футбол алаңы салынуда.

Алдағы уақытта кенттегі мектепке апаратын жол бойына веложол мен жаяу жүргіншілер жолы төселеді. Сонымен қатар мектеп маңы мен Геологтар, Жастар, Жетіқоңыр көшелері қиылыстарына жалпы көлемі 612 шаршы метр болатын аяқжол салу жұмыстары жүргізіледі.

Жарықтандыру бағытында да бірқатар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, атауы жоқ айналма жол (0,8 км), Сарыарқа көшесі (0,6 км), Шұғыла көшесі (0,5 км) мен Тайқоңыр елді мекенінің Ақжайық көшесіне (1,0 км) көше шамдарын орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, құрылыс жұмыстары басталмақ.

Сондай-ақ Тайқоңыр елді мекенінде футбол алаңшасын салу және қоқыс контейнерлерін орнату жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, әкімдік ауласын абаттандыру мен көгалдандыру және көше атауларын жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде.