Түркістан: Сайрамның өзіндік кірістерін ұлғайту жолдары сараланды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қалаларға жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолы Сайрам ауданындағы бірнеше нысандарды ашып, ел қуанышымен бөлісті. Одан кейін аудан активімен кездесіп, Сайрамды дамыту жолдарын талқылады. Өңір басшысы ауданның әлеуеті толық қолданылмай отырғанын сынға алып, кемшілікке жол берген басшылар мен ауыл округі әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Жауапты тұлғаларға ескерту жасап, олқылық жойылмаса, шара көрілетінін жеткізді.
– Жол жөндеу, инвестиция тарту, кірістер көзін ұлғайту, салық жүйесіндегі кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – стратегиялық міндет. Мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетіліп жатыр. Нақты міндеттерді орындау кезінде ауылдық округ әкімдеріне салғырттыққа жол беруге болмайды. Осыған байланысты, 10 күн ішінде әр ауылдық округ кесіндісінде 2025 жылға жоспарланған жобалар бойынша нақты мерзімдерін көрсете отырып, салалық басқармамен келісіп, Жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Мемлекеттік міндеттерді орындауға салғырт қараған әкімдердің тәртіптік жауапкершілігі қаралатынын қатаң түрде ескертемін, – деген Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы атқару керектігіне де тоқталды.
Мәжілісте Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың есебі тыңдалды. Сонымен бірге басқарма басшылары өз салалары бойынша индикаторлардың орындалуына қатысты баяндама жасап, жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды.
Облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді. Айта кетейік, Сайрам ауданында 5 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 113,9 млрд.теңгеге жетіп, өсім 32,6%-ды құрады. Жалпы өнімнің 32,9%-ы ауыл шаруашылығы, 26,8%-ы өнеркәсіп саласының үлесінде. Биылғы жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 354,0 млрд.теңгеге жеткізіп, 13,4% өсімді қамтамасыз ету жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы саласында 5 айда 37,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,1% деңгейінде болды. Өсімдік шаруашылығында 1,6 млрд.теңгенің, мал шаруашылығында 35,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан 14,9 мың тонна ет, 71,8 мың тонна сүт өндірілді. Жалпы биылғы жылы агроөнеркәсіп кешен саласында өнім көлемін 160,0 млрд.теңгеге жеткізу межеленуде. Аудан экономикасына 29,2 млрд.теңге инвестиция тартылып, былтырға қарағанда өсім 2,4 есеге жетті. Тартылған инвестицияның 73,6%-ы – жеке инвестиция.