Түркістан: Ордабасыда биыл алюминий профильдерін өндіретін зауыт іске қосылады

Бұл туралы Ордабасы ауданында өткен брифингте аудан әкімі Азат Оралбаев айтты.

– «Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 млрд 234 млн теңге құрайтын 439 жұмыс орны бар 6 кәсіпорын орналасқан. Жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі «Gold Aluminum» ЖШС – алюминий профильдерін өндіру жобасы. Инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу үстінде. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Сондай-ақ,  «RZN»  ЖШС – автоклавталған газоблок бұйымдарын өндіру жобасы. Биыл желтоқсан айында 25 жұмыс орнымен іске қосылады. Бұл жобаның инвестициялық құны – 1,5 млрд теңге. Сондай-ақ, инвестициялық құны 400 млн теңгені құрайтын тағы 2 жобаның құжаттары рәсімделуде, – деді Азат Әбдіғалиұлы.

Ауданда бизнес-климатты жақсарту бойынша атқарылған жұмыстарды және ірі жобаларды іске асыру нәтижесінде ауданға биыл 9 айда 28 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі таңда, инвестициялық құны 10 млрд теңгені құрайтын 9 жоба 302 жұмыс орнымен іске асырылуда. Жалпы, бюджеттік инвестициялардың үлесі – 21,4%, жеке инвестициялардың үлесі – 78,6% құрап отыр.

Одан бөлек, ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 102,2 млрд теңгені құраған. Оның 59%-ы — ауыл шаруашылығына, 24,8%-ы — өнеркәсіпке, 8,5%-ы — саудаға, 7,7%-ы —құрылысқа тиесілі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында 55,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Айта кетейік, ауданда 57 елді мекеннің 51-і сапалы ауыз сумен, 9-ы табиғи газбен және толықтай орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген.

ПІКІР ЖАЗУ