Түркістан: өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолдары қаралды

Түркістанда облыс әкімнің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен облыстағы қоғамдық-саяси  ахуал бойынша штаб отырысы өтті. Мәжіліске облыстық құқық қорғау органдары мен тиісті басқарма басшылары қатысты. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық режимде қосылды.

Басқосуда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Қалибеков, «Қазсушар» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Досхан Лесов  баяндама жасады.

Баяндамашылар қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарларды пысықтады. Сондай-ақ түрлі сала бойынша туындап отырған өзекті мәселелер ортаға салынып, олардың шешу жолдары ұсынылды.

Жиында Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге алып, этносаралық бірлікті сақтау, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың өтініштерін назарға алып,  халықты игі істерге жұмылдыру қажеттігін жеткізді. Әрбір өзекті мәселе дер кезінде бақылауға алынып, жедел әрекет жасалуы керектігін ескертті. Сонымен қатар алда тұрған бірқатар міндеттерді атап өтіп, ел бірлігін нығайту жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.