Түркістан оқушылар сарайы есеп беру концертін өткізді

Түркістан Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен 1 Маусым – Балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты концерт өтті. Шығармашылық және өнер бөлімдерінің есеп беру кешінде бүлдіршіндер мен ата-аналар алдымен «Өнер» бөлімі үйірмелерінің қатысушыларының қолынан шыққан туындылар көрмесін тамашалады. Ағаштан қашалған аспап, ермексаздан туған ерекше дүние, жіптен иірген сөмкелер мен бұйымдық заттар көздің жауын алып, келушілерді тамсандырмай қоймады.
​Аталмыш мерекеге арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы «Түркістан күн сайын көркейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Екі жыл бұрын ғана ойға да келмейтін дүниелер қазір Түркістанның көркін ашып, дамуына ықпал етіп отыр. Осы тұрғыда Оқушылар Сарайы да біздің болашағымыз яғни кішкентайларымыздың өсетін, дамитын ордасы» деп атап өтті.
Әрі қарай кеш «Шығармашалық» бөлімнің концертімен жалғасты. Одан кейін «Сатираның» балапандары бір қойылымда бірнеше күйден попурри орындады. Аталмыш кеште Оқушылар сарайының өнерпаздары тек қазақ тілінде ғана емес өзге тілдерде де өнер көрсетіп, классикалық өнерден де тарту ұсынды.
Түркістан Оқушылар сарайы директоры Индира Сарқытқызының айтуынша, мұндай концерттер әр маусымда өткізіліп, дәстүрге айналмақ. Атқарылған жұмыстардың есебі іспеттес өнер кеші – болашақ өнерпаздарды сахнаға баулу, үлкен өнерге дайындаудың алғышарты болады.

ПІКІР ЖАЗУ