Түркістан облысының жұмысшы мамандар даярлайтын колледж өкілдері қытайда тәжірибе алмасты

Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Шэньси провинциясының Вэйнань қаласында фермерлерге арналған халықаралық оқыту курстары өтті. Бұл бағдарламаға Түркістан облысының аграрлық колледждерінде жұмыс істейтін 8 агроном-оқытушысы қатысты.

Аталған сапар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қолдауымен жүзеге асып, өңір мамандарының әлемдік деңгейде білім алып, халықаралық тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалды.

Курс Қытайдың жетекші аграрлық университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қатысуымен ұйымдастырылды. Бағдарлама Орталық Азияның нақты климаттық және өндірістік ерекшеліктеріне бейімделіп жасалған. Тренингтер аясында қатысушылар органикалық егіншілік, су үнемдеу технологиялары, агроинновациялар, тұқым шаруашылығы, цифрлық ауыл шаруашылығы, агробизнес және экспортқа бағытталған өнім өндірісі бойынша білім алды.

Сапардың негізгі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, заманауи агротехнологияларды енгізу және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Алдағы уақытта шетелдік әріптестермен бірлескен жобалар әзірленіп, үйренген тәжірибе нақты іске асырылады.

2024 жылғы 7 шілдеде Вэйнань мен Түркістан қалалары арасында достық, алмасу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл құжат Қытай бас хатшысы Си Цзиньпин ұсынған “Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясындағы халықаралық байланысты нығайтудың нақты көрінісі саналады.

Вэйнань қаласының сыртқы экономикалық және техникалық ынтымақтастық бюросының бастамасымен ұйымдастырылған бұл іс-шара Қытайдың заманауи ауыл шаруашылығын дамытудағы жаңа технологиялары мен тұжырымдамаларын үйренуге бағытталды. Вэйнань аймағының ауылшаруашылық ресурстық әлеуетіне сүйене отырып, алдағы уақытта осындай мақсатты оқыту алмасулары жалғасады.