Түркістан облысының желкенді қайық құрамасы қазақстан кубогын жеңіп алды
Қонаев қаласындағы «Қапшағай» су қоймасында желкенді қайық шеберлерері арасында Қазақстан кубогы сарапқа салынды. Апта бойына созылған дүбірлі додада түркістандық желкеншілер толағай табысқа жетті. Тартысты өткен жарыста жерлестеріміз Қазақстан кубогы мен қоса түрлі қашықтықтар бойынша 15 медальді қанжығалады.
Алматы облысының спортшылары екінші орын алса, үшінші орынға Қарағанды облысының спортшылары жайғасты. Түркістан облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері еншілеген жүлденің 8-і – алтын медаль.
Алтын жүлдегерлер қатарында Вакуленко Александр мен Данкова Анастасия «470» яхта сайысында топ жарды. Ал Жанғазов Тимур, Чуриков Анатолий, Рожанский Богдан, Абдурахман Заңғар, Чехомов Әлішер, Богдаев Артёмдар бар өнерлерін көрсетіп, өз сынақтары өңіріміздің мерейін үстем етті. Жарыс қорытындысы бойынша түркістандық Александр Вакуленко ұлттық құрама сапында Ханчжоу қаласында (Қытай) өтетін Жазғы Азия ойындарына жолдама алды.
Спортшылардың сәтті өнер көрсетуі үшін жаттықтырушылардың да атқаратын үлесі орасан. Осы орайда Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкен спорты қауымдастығының бастамасымен қазақстандық үздік мамандардың бірі, Азия чемпионы, желкенді спорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Жанғазов жұмыс істеуге шақырылды. Түркістан облысының жастар құрамасы 20-28 шілде аралығында «Қапшағай» су қоймасында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындықты бастады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі