Түркістан облысында жоқ инвестицияға 225 млн теңге субсидия алған – Смайылов

 Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов депутаттың сұрағына жауап бергенде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін Смайылов ауыл шаруашылығы саласындағы аудит нәтижесін жариялаған болатын. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан соның нәтижесі бойынша сұрақ қойды.

Құрметті Әлихан Асханұлы, сіздің баяндамаңызды мұқият тыңдадық. Есебіңізбен таныстық. Есепте көрсетілгендей, негізінен әкімшілік материалдар толтырған екенсіз. 4 материалды құқық қорғау органдарына беру жоспарда бар екенін атап көрсеткенсіз. Осыған байланысты сұрағым: Бұл қай органдарға қатысты? Қандай сомада? Егер ол жергілікті атқарушы органдары болса, қай өңір? Осылардың бәрін атап көрсетсеңіз, – деп сұрады Құспан. Мәжіліс депутаты өзі сұраған мәліметтер құпия деп саналмайтынын ескерте кетті. Сөзінше, бұл субсидия мемлекеттің қаражаты, сол себепті тиісінше халықтың қазынасы. Ол ешқандай мемлекеттік құпия болуға жатпайды және тергеу органдарына беріліп, әлі қылмыстық іс тіркелмегендіктен тергеу құпиясына да жатпайды. Депутат толығырақ мәлімет беруді сұрап, оны басынан аяғына дейін өз құзыреті шеңберінде қадағалайтынын айтты. Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов депутаттың сұрағына жауап берді.

Ең ірі бұзушылықтарды тергеу органдарына жібереміз деп жоспарлап отырмыз. Оңтүстік өңірлерде және Ұлытау облысында мыңға жуық адам кәсіпкерлік ісіне 1,5 млрд теңгеге субсидия алды. Бірақ салық органдарында кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Түркістан облысында 15 субъект 225 млн теңгеге жоқ инвестицияға субсидия алған. Қолдан жасалған шот-фактуралар дейміз ғой. Абай облысында екі кәсіпорын сатып алынбаған ауыл шаруашылығы техникасына 131 млн теңгеге субсидия алды. Олар жалған ақпарат берген, – деп түсіндірді Смайылов. Одан басқа Жоғары аудиторлық палата Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті ауыл шаруашылық басқармаларының 8 лауазымды тұлғасын әкімшілік жауапкершілікке тартпақ. Сондай-ақ бұған қоса әкімшілік жауапкершілікке тартылатын тағы 320 тұлға бар.

Бүгін Мәжілісте “Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы” Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды.

ПІКІР ЖАЗУ