Түркістан облысында жоғалған туристерді іздестіруге Өзбекстанның құтқарушылары да жұмылдырылды

Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен азаматтардың үшеуі құтқарылса, бірнеше күннен соң екеуінің өлі денесі табылған болатын. Құтқарушылардың көмегімен қалған екі туристі іздестіру жұмыстары жалғасуда. Түркістан облысында жоғалған туристерді іздестіруге Өзбекстан Республикасының ТЖМ құтқарушылары да атсалысып отыр. Олар Өзбекстан жағынан Өгем өзенінің арнасын бойлай Чарвак су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексеруде.
Жалпы өңірдегі төтеншеліктер 2 мыңнан астам шақырым жерді әуеден тексеріп, «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтарымен аэровизуальды барлау жасады. Таулы рельефтер мен өзендердің қатты ағысы іздестіру жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызуда.
Бүгінгі күнге дейін 350 шақырымнан асатын тау шатқалдары бойы тексерілді. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, шамамен 170 шақырым аумақ зерттелді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД, ПД, жергілікті атқарушы органдардан, ҰҚК Шекара қызметінен, ІІМ Ұлттық гвардиясынан, Ұлттық парктен, Альпинизм федерациясынан 218 адам, 32 бірлік техника, 3 пилотсыз ұшу аппараты, ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ 2 тікұшағы және туыстары жұмылдырылып отыр.

 

ПІКІР ЖАЗУ