Түркістан облысында ұлттық қордан 900 мыңнан астам балаға қаржы аударылған

Бұл туралы брифингте «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Асылбек Ошанов мәлімдеді.

«Қазақстан азаматтары болып табылатын 18 жасқа дейінгі барлық балаларға биыл 1 ақпан күні ҚР Ұлттық қорынан алғашқы қаржы аударылды. Бағдарламаға еліміз бойынша 6 919 131 бала, ал Түркістан облысы бойынша 922 841 бала қатысушы ретінде тіркелді. Олардың барлығына 100 АҚШ доллары 52 цент мөлшеріндегі бірдей сома аударылды. Бұдан бөлек, жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома көлемі ұлғайып отырады. Шоттағы қаржыны бала кәмелет жасқа толғаннан кейін тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсай алады. Жалпы Ұлттық қордың былтырғы инвестициялық жылдық кірісі 1,39 миллиард АҚШ долларын құрады»,- деді Асылбек Есенбайұлы.

Айта кетсек, баланың бағдарламаға қатысу дерегін ЖСН бойынша Ата-анасы немесе басқа заңды өкілдер «kids.enpf.kz» сайтынан тексере алады. Сондай ақ, әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәліметті ата-аналар «egov.kz» порталындағы жеке кабинеттен көре алады. Одан бөлек, кәмелетке толған азамат «enpf.kz» сайтындағы жеке кабинетінде, «БЖЗҚ» ұялы қосымшасында немесе «egov.kz» порталынан өз бетінше көре алады.

ПІКІР ЖАЗУ