Түркістан облысында түнгі уақытта үйден тыс жерде болған 140-тан астам жасөспірім анықталды

Түркістан облысында полиция түнгі уақытта үйден тыс жерде болған 140-тан астам жасөспірімді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz

Облыста жүргізіліп жатқан “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері алғашқы тәулікте 200-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.  Жұмыс барысында полицейлер балаларды тәрбиелеу жөніндегі талаптарды тиісінше орындамағаны үшін 15 жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырды. 

Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берудің 8 фактісі анықталды. Ал жасөспірімдерге темекі, алкоголь өнімдерін сатқаны үшін сауда орындарының 2 сатушысы жауапқа тартылды.   

Сонымен қатар тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың заңмен белгіленген уақыттан кейін ойынханаларда болуының 14 жайтын анықтады. Заңды өкілдерінің еріп-жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болған 148 жасөспірімді тіркеді. Ішкі істер органдарына құқық бұзушылық жасауға бейім 13 кәмелетке толмаған мен 9 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылды.  

Сондай-ақ полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында жазғы демалыс кезінде суда жүзудегі құқық бұзушылықтар мен қауіпсіз мінез-құлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Полицейлер ата-аналарды балаларының мінез-құлқы мен тәрбиесін қадағалауға, олардың түнгі сағат 22:00-ден кейін үйден тыс жерде немесе ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүрмеуін қадағалауға шақырады.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/turkistan-oblysynda-tungi-uaqytta-ujden-tys-zherde-bolghan-140-tan-astam-zhasospirim-anyqtaldy/

ПІКІР ЖАЗУ