Түркістан облысында тарихи күні дүниеге келген сәбилерге сый-құрмет жасалды

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 14 қараша күні сағат 8:10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облысында дүниеге келді. Олардың ішінде үш ұл және екі қыз бар. 20 миллионыншы тұрғынның бірі Түркістан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келді. Күні кеше облыс әкімі Дархан Сатыбалды Асықатаға жаңа туған нәрестенің ата-анасын арнайы құттықтап барды.

Дәл осы күні Түркістан облысындағы перинаталдық орталықтарда дүниеге келген сәбилерге Облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері арнайы барып, сыйлықтар табыстады. Аналардың жағдайымен танысып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар өңірдегі аудан және қалалардағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері аудан, қала әкімдері және әкім орынбасарларымен бірге аудандық перзентханаларға тарихи күні туған сәбилерді құттықтады. Сондай-ақ сыйлықтарын тарту етіп, жылы лебіздерін жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан облысы елімізде бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Биыл жыл басынан бері облысымызда 45 594 сәби туған. Ал 14 қараша күні Түркістан облысында 139 бала дүние есігін ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында облыс аумағында ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы өңірде 22 перзентхана бар.  Ғимараттардың талапқа сай болуы және оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

ПІКІР ЖАЗУ