Түркістан облысында полицейлер “Таза Қазақстан” акциясы аясында 17 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады

“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы және “Заң және Тәртіп” қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері көпшілік орындарды абаттандыру және ластау ережелерін бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізілген шараны полицейлер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өткізді. Аталған шара қоғамдық орындарда және демалыс аймақтарында рейдтік шара жүргізуге ұласты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары тұрғындарға экологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын, абаттандыру ережелерін бұзуға жол бермеуді және қоқысты тек арнайы белгіленген орындарда тастау қажеттігін еске салады.

Облыс аумағында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясын өткізу кезінде полиция қызметкерлері барлығы 17 мыңнан астам құқық бұзушылықты, оның ішінде жалпы пайдалану орындарының ластануына байланысты 13 мыңнан астам фактіні және абаттандыру ережелерін бұзудың 4,3 мыңға жуық дерегін анықтады.

Өз кезегінде полицейлер азаматтарды заң шеңберінде әрекет етіп, қоршаған табиғатты қорғауға және тазалық пен тәртіпке үлес қосуға шақырады. Кез – келген құқық бұзушылыққа “нөлдік төзімділік” – бұл қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және жайлы орта құруға бағытталған маңызды қадам.