Түркістан облысында «Әжелер алқасына» 10 жыл толуына орай «Аялы Әже» форумы өтті

Бүгін Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасына» 10 жыл толуына орай «Аялы әже» форумы өтті. Форум аясында ұлттық тағамдарымыз бен дәстүрімізге, қолөнерімізге арналған көрме ұйымдастырылды.

Түркістан қаласында өткен мерейтойлық жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және аудан мен қалалардан кеңес-алқа мүшелері қатысты. Жиында қазақ қоғамындағы әженің рөліне арналған арнайы бейнефильм көрсетіліп, ақжаулықты әжелер ұлттық салтымызды сахналады.

Форумда ел ішінде ерен еңбегімен танылған, дәстүрімізді дәріптеп жүрген әжелер «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің грамотасымен марапатталды.

– Түркістан өңірі – ұлттық дәстүрді ұлықтаған киелі мекен. Күнгей өлкенің әрдайым ынтымағы, бірлігі мығым. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиеcі мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін асыл әжелердің орны мен рөлі қашанда ерек болған. Бүгінгі жиын да осы мақсатта өтіп отыр. Біз ұлттық тәрбие беруде әжелеріміздің тәліміне көп сенім артуымыз керек. Бүгінде облыстық ардагерлер кеңесі, оның ішінде Әжелер ұйымы жаңаша бағытта жұмыстар атқарып келе жатыр. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дегендей, ата мен әже – ел тұлғаларын өсіретін ұлттық мектеп, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Сонымен қатар, әжелер мектебін дамыту тәжірибесін басқа өңірлерде де насихаттау үшін «Аялы әже» атты мүсін-таңба еліміздің барлық облыстарына эстафета ретінде табысталмақ.  Алғашқы эстафета бүгінгі «Аялы әже» форумында киелі Түркістан өңірінен әулиелі Жамбыл облысына салтанатты түрде тапсырылды.

ПІКІР ЖАЗУ