Түркістан облысында 100 000 тонна көмір қоры бар

Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыстың 2025-2026 жылдардағы жылу маусымына дайындық және көмірмен қамту барысы туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы осы мәселеге жауапты басшыларды жинап, тиісті тапсырмалар берді. Жиында көмір жеткізу бағытындағы жұмыстар туралы есеп берілді.
– Жылыту маусымында өңірде көмірден ешқандай проблема болмауы тиіс. Мектептер, ауруханалар және өзге де бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуы қадағалансын, – деген облыс әкімі әр аудан, қала әкімі жылыту маусымына дайындықты қатаң қадағалап, тиісті жұмыстарды уақтылы атқаруды тапсырды.
Алдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі – 606,6 мың тонна. Осы көлемнің мамырдан шілдеге дейінгі аралықта 96 791 тонна көмір жеткізу жоспарланған. Оның 76 728 тоннасы теміржол арқылы жеткізілді. Бұл жоспардың 79 пайызын құрайды.
Бүгінде облыстағы 28 кәсіпкерлік субъектісінің қоймаларында шамамен 100 мың тонна көмір қоры бар. Тасымалдау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Облыстық бюджетік мекемелерге жалпы 75 786 тонна көмір қажет. Қазіргі таңда осы көлемнің 36 пайызы сатып алынған. Алдынғы аптамен салыстырғанда 10%-ға өсім бар. Бюджеттік мекемелерді көмір отынымен 10 тамызға дейін қамтамасыз ету жоспарлануда. Жоспарды жүйелі орындау үшін көмір жеткізу индикаторы әзірленді. Жылыту маусымына дайындық барысы тұрақты бақылауда.