Түркістан облысы аудандарында тазалық шарасы жиі ұйымдастырылады

Киелі шаһардағы тазалық шарасын өткізуге Тараз, Шойынбет би, Қорқыт ата, Баба түкті Шашты Әзіз көшелері мен Бекзат, Бірлік секторларындағы және 9-көше төңірегіндегі аймақтар белгіленді.

11 мекеме қызметкерлері, қоғамдық негізде жұмылдырылған жұмысшылар, жалпы 800-ге жуық азамат “Таза Қазақстан – Таза қуат” сенбілігіне қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты.

Жиналған қоқыс пен шабылған шөптерді тасымалдауға 10 техника тартылды. “Таза Қазақстан” эко-шарасы аясында облыс орталығында аптасына 2 рет тұрақты түрде сенбілік ұйымдастырылып келеді.

Созақ ауданында барлық ауылдар мен елді мекендерде “Бүкіләлемдік тазалық күніне” орай сенбілік өтті.

Аудан орталығы Шолаққорған ауылында тұрғындар 144 көшеге тазалық және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, шараға қатысушылар саябақтар мен ішкі көшелерді ретке келтірді. Сонымен қатар, “Шымкент-Созақ” бағытындағы жолдар мен айналма жолдың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Ауыл сыртындағы сай-сала мен су өткізгіш құбырлар да қоса қамтылып, ауылдардың аумағы абаттандырылды. Бірқатар бөлімдер мен мекемелер “Шолаққорған – Түркістан” бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағына жұмылдырылды. Онда негізсіз өскен шөптерді отап, тал көшеттердің түптері әктелді.

Сенбілік жұмыстарына 2 250-ге жуық түрлі мекеме қызметкері және белсенді жастар мен ауыл тұрғындары атсалысты. Жалпы 16 арнайы техника жұмылдырылып, 23 шақырым көше бойлары мен 13 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Бұдан бөлек, өзен-көлдер мен арықтардың 11 шақырымы тазаланып, арнайы орынға 145 тонна қоқыс тасымалданды.

Сенбілік жұмыстары Кентау қаласында және қалаға қарасты Хантағы, Байылдыр, Ащысай, Қарнақ ауылдарында жүргізілді. Оған бюджеттік мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, сенбілік мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық тазалықты сақтауға атсалысу және туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту. Сонымен қатар, әрбір тұрғынның қала тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына мүмкіндік жасау.

«Бүкіл әлемдік тазалық күні» аясында жалпы аудандық сенбілік жұмыстарына әр мекеме өзіне жүктелген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сенбілікте республикалық, облыстық маңызы бар автожолдардың, ішкі көшелердің бойында күл-қоқыстарды жинау, арық-атыздарды тазалау, шөптерді ору, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарында аудан бойынша жалпы 38 тонна қоқыс шығарылып, 3 000-ға жуық адам, 53 арнайы техника жұмылдырылды.

Жетісай ауданының аумағында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің тапсырмасына сәйкес «Бүкіләлемдік тазалық күні» (World Cleanup Day 2024) аясында ауқымды сенбілік өтті. Аталмыш сенбілікке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардан, кәсіпкерлік нысандар мен еріктілерден 1400-ге жуық адам қатысып, 20 техника  жұмылдырылды.Негізінен жетісайлықтар облыстық және ауданаралық автомобиль жолдарының бойлары мен көппәтерлі тұрғын үйлердің, саябақтар мен скверлердің, гүлзарлар мен тұрғындар жиі жүретін аймақтарға жасаған санитарлық тазалық жұмыстары барысында 40 тоннаға тарта қатты тұрмыстық қалдықтар шығарды.

– Біз бүгінде аудан әкімі Серік Үсенұлының тапсырмасымен әр аптада сенбіліктер өткізіп, қоқыс тазалауды емес, керісінше сол қоқыстарды болдырмаудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Жер-жерлерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, ауыл, көше билерімен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Тұрғындар көп шоғырланатын жерлерге үнпарақшалар ілудеміз. Көшелерге бейнебақылау камераларын орнатып, белгіленбеген орындарға қоқыс тастағандарға айыппұлдар салынуда, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов.

Сайрам ауданы аумағындағы барлық елді мекендерде «Бүкіләлемдік тазалық күні (World Cleanup Day 2024)» аясында сенбілік жұмыстары өткізілді. Айналаның санитарлық тазалығын сақтау жұмыстарына аудандағы жалпы кәсіпорындардың, қоғамдық, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен аудан тұрғындары, жалпы 800-ге жуық адам атсалысты.  Қоршаған ортаны қорғау, оның экологиялық тазалығын сақтау бағытында өткен сенбілікте көшелердегі аяқжолдар, саябақ пен скверлер, арық-атыздар ретке келтірілді.  Айта кетейік, тазалық шарасында 14 техниканың көмегімен 8,6 тонна қоқыс арнайы аумаққа шығарылды.  Тазалықты алдымен өз ауласынан бастауды басты міндеті санайтын сайрамдықтар барша тұрғындарды айналаны таза ұстауға шақырады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

ПІКІР ЖАЗУ