Түркістан: Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданы активімен кездесіп, аймақты дамыту жолдарын пысықтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен  барып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өткізді.  Кездесу барысында өңір басшысы ауданның ағымдағы дамуы мен алдағы жоспарлары бойынша нақты көрсеткіштерін саралап, аудан және ауыл округі әкімдеріне, басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

– Қазығұрт ауданының орналасқан орны экономиканы, сауданы, өндірісті дамытуға өте қолайлы. Мұнда түрлі салада жаңа жобалар жүзеге асып, тіршілік қайнап жатуы керек. Ауданның әлеуеті жоғары. Өздеріңіз баяндаған инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асырыңыздар. Бұған жергілікті әкімдер, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары бірлесе үлес қосулары керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың есебі мен басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ауданда өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Айта кетейік, биылғы жартыжылдықта ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 54,6 млрд теңгені құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша да оң нәтижелер бар. 2024 жылы нақты көлем индексі 110,2%-ды құраса, 2025 жылдың алғашқы 6 айында бұл көрсеткіш 119,5% болып отыр.

Кездесу барысында инвестициялық ахуалға ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 2025-2026 жылдар аралығында жалпы құны 21,1 млрд теңге болатын 24 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалардың нәтижесінде 749 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы 7,9 млрд. теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асырып, 299 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, жыл басынан бері 2,9 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 70 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауданда «Тұрбат»  агроиндустриалды аймағы салынады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде ауданның даму қарқынына оң баға беріп, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.