Түркістан музыкалық Драма Театры III маусымды жаңа премьерамен ашады

Бүгін Түркістан музыкалық драма театрында кезекті III маусымның ашылуына және өзбектің көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы бойынша жаңа премьераға қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатына қойылымның инсценировка авторы және режиссеры – Дәурен Серғазин, және қойылымның бас кейіпкерлері – Бақыт Хаджибаев, Айжұлдыз Адайбекқызы, Әлімхан Мырзахан, Айя Дәрібаева және Әнуарбек Ақ-Сұлтан қатысты. Кездесу барысында жаңа қойылым туралы айта келіп, театр көрермендері мен бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап берді.

Дәурен Серғазин көрші отырған екі мемлекеттің ортақ құндылықтарын тиімді пайдаланып, жаңаша сипатта музыкалық комедия жасап шығарғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ режиссер өзбек драматургінің 40 жылдан астам тарихы бар «Келіндер көтерілісі» комедиясы Түркістан музыкалық драма театры сахнасында заманауи келбетке ие болатынын жеткізді. Аталмыш театр директоры ұжымның демалыс кезінде ауқымды фестивальдерге қатысып, бір емес бірнеше жетістікке жеткеніне тоқталды. Сондай-ақ жаңа маусымға қызу дайындықтың жүріп жатқанын атап өтті. Ал көпшілікке кино өнерімен танылып жүрген Айжұлдыз Адайбекқызы театрдағы батыл қадамның оңайға соқпағанын, тәуекелге бел буғанын айта келіп, жаңа Түркістанның келбетіне таңданысын жасырмады. Театрдың жас әртісі Әнуарбек Ақ-Сұлтан бұл туындының «Беу, қыздар-ай» қойылымынан кейінгі екінші комедия екенін, дайындық барысында жас режиссер мен өнер иелерінен көп тәжірибе жинағанын айтты.

Пьесаны қазақ тіліне аударған – Асқар Сүлейменов. Әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, кино өндірісінде елеулі туындыға айналған бұл шығарма 40 жыл өтсе де маңыздылығын әлі жойған жоқ. Шығарма тұңғыш рет 1978 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында көрсетілді. 21-22 қазан күндері өтетін спектакльдің премьерасында рөлдерді Түркістан музыкалық драма театрының жас әртістері мен еліміздің алдыңғы қатарлы театрларынан шақырылған әртістер сомдайды.

 

ПІКІР ЖАЗУ