Түркістан: Мақтааралда ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 36 млрд. теңгеге жетті
Мақтаарал ауданында өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 55,5 есеге артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал ауданында биыл 60,9 мың га жерге егістік егілсе, соның 35,08 мың гектары – мақталық. Мақта терім науқаны әлі жалғасқанына қарамай, қазірге дейін 91 271 тонна мақта жиналып, өнім түсімі гектарына 26 центнерден айналып отыр. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді. Мақтаарал ауданы тұрғындарының негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығына тікелей байланысты. Жыл басынан бергі 9 айда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 36 млрд. теңгеге жетті. Оның 26 млрд теңгесі – өсімдік шаруашылығына, 10 млрд. теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Атап өтерлігі, ауданда егістік жердің құнарлылығын арттыру үшін 40 мың га жер ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бағдарламасына енген. Осының арқасында 220 канал, 208 су қашыртқы ретке келтіріліп, 149 тік дренажды ұңғыма жөнделуде. Бүгінгі таңда нақты 36 каналдың құрылысы аяқталды. “Мақтаарал ауданы мақта ғана емес, қауын-қарбыз өсірумен де танымал. Биыл шаруалар гектарына 249 центнерден қауын-қарбыз алды. Бақша және көкөністің 80 пайыздан астамы шетелдерге экспортталды. Соңғы екі жылда ауданымыздың облыс көлемінде «Ең үздік экспорттаушы аудан» деген атаққа ие болуы осыған дәлел”, – деді Бақыт Насырханұлы. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, соңғы уақытта мұнда бизнес жүргізуге шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық артып келеді. Жалпы құны 10,8 милиард теңгені құрайтын, 308 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын ірі 5 жоба іске асырылуда. Олар: мақта майын шығаратын «Tulpar May» ЖШС, жіп шығаратын «Tulpar Texstill» ЖШС, темір-бетон өнімдерін шығаратын «КZ 2020» ЖШС, электр энергиясын өндіретін «Инженерная арена» ЖШС, мармелад және жеміс-жидек, бақша өнімдерін кептіріп өндіретін «JID&COM» ЖШС. Ал, өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биылғы 9 айда 655,8 млн. теңгеге жеткен. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 11,4 млн. ғана болған. Сөйтіп, Мақтаарал ауданы өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция бойынша облыста екінші орынға жайғасты. Облыс орталығынан шалғайда жатқан, Өзбекстанмен шекаралас қоныстанған Мақтаарал ауданында қай салада да жұмыс қызып тұр. Осы 9 айдың ішінде ауданда 5813,7 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Республикалық бюджет есебінен 13 көше жөнделіп, 4 нысанның ауыз су жүйесі жөнделген. Жергілікті бюджеттен 5 ауылдың ауыз су жүйелерін жөндеуге қаржы бөлінген. Ауданда ең өзекті мәселенің бірі қоғамдық көлікпен қамту болатын, жыл басында бұл мәселе шешімін тауып, Мырзакент пен Атакенттің арасына қоғамдық көлік қойылған.